Марафон өткізу үшін талап күшейеді
Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматыдағы жартылай марафон кезінде қайтыс болған марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, мұндай шараларға талап күшейтілетінін мәлімдеді. Бұл туралы министр өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Ербол Мырзабосынов Алматы қаласында өткен жартылай марафон кезінде екі қатысушының қайтыс болуы ауыр әрі ерекше назар аударуды қажет ететін жағдай екенін жеткізді.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта оқиға бойынша толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр.
Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты сарапталады.
"Жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтеміз. Бұқаралық спорт қауіпсіз әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Туризм және спорт министрлігі бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті құрылымдарға жолдайды. Қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтамын!" - деп жазды Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, кеше 20 сәуірде Алматыдағы Almaty Half Marathon шарасы кезінде екі адам көз жұмды. Оның бірі – 84 жастағы Аққоян Рсалиев, екіншісі 21 жастағы Нұрбол Ахмади.
Алдын ала қорытынды бойынша оларға өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойылған.
Дәрігерлер қатысушылардың өліміне не себеп болғаны сот-медициналық сараптамадан соң анықталатынын жеткізді.