Қоғам

Алматыда марафонда екі адам қайтыс болды

Жарыс кезінде медициналық және жедел қызметтер, сондай-ақ полиция дер кезінде әрекет еткен.

Алматыдағы жүгіру марафоны кезінде екі адам қайтыс болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz сілтеме жасап.

20 сәуір күні таңертең өткен Almaty Half Marathon кезінде екі қатысушы – 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади көз жұмды. Екеуі де жартылай марафон қашықтығына (21,1 км) тіркелген және Алматы қаласында өтетін жүгіру жарыстарының тұрақты қатысушылары болған.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жарыс кезінде медициналық және жедел қызметтер, сондай-ақ полиция дер кезінде әрекет еткен. Дегенмен көрсетілген көмекке қарамастан, екеуінің де өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Аққоян Рсалиев жарыстың алғашқы шақырымында, әл-Фараби даңғылы бойында өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған.

– Сағат 8:15 шамасында полиция қызметкерлері қатысушының құлап түскенін хабарлады. Жедел жәрдем бір минут ішінде келді, бірақ тамыр соғысы болмады. Реанимациялық шаралар хаттамаға сай жүргізілді. Алдын ала өкпе артериясының тромбоэмболиясы диагнозы қойылды. Марқұмның бұрыннан артериялық гипертензиямен ауырғаны анықталды, – деді 2/51 жедел жәрдем бригадасының дәрігері Алибек Хожаназаров.

Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бері Almaty Half Marathon және Almaty Marathon секілді жарыстарға тұрақты қатысып, 21,1 км және 10 км қашықтықтарын бірнеше рет бағындырған.

Жүгіру кезінде қайтыс болған екінші адам – 21 жастағы Нұрбол Ахмади жарыстың 16-шы шақырымында есінен танып, құлаған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер жедел түрде реанимациялық шаралар жүргізгенімен, нәтиже болмаған.

– Біз 9:18-де жеттік. Сол сәтте ұйқы артериясынан тамыр соғысы байқалмады, тыныс алу да болмады, қан қысымы нөл болды. Реанимациялық әрекеттер хаттамаға сай орындалды, бірақ нәтиже бермеді. Қатысушы 103 қызметі келгенге дейін көз жұмған. Алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы және жедел жүрек жеткіліксіздігі, – деді 8/58 бригадасының дәрігері Айгерім Есдәулетова.

Медициналық қызметкерлердің айтуынша, екі қатысушының нақты қайтыс болу себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады. Сараптама нәтижелері жақындарына хабарланады.

«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаеваның сөзінше, қатысушылардың қауіпсіздігі – ұйымдастырушылар үшін басты басымдық.

– Жарысқа тіркелу кезінде әр қатысушы өзінің денсаулығы үшін толық жауапты екенін және физикалық тұрғыда дайын екенін растайтын келісімге қол қояды. Бұл – әлем бойынша марафон өткізуде қолданылатын қалыпты тәжірибе. Almaty Marathon аясында жыл бойы тегін жаттығулар мен дәрістер өткізіледі. Жарыс күні барлық су ішу бекеттерінде медициналық көмек көрсетуге дайын мамандар орналастырылады. Барлық бағыттар алдын ала полиция және жедел жәрдем қызметімен бірге пысықталады, – деді ол.

Қор ұйымдастырушылары марқұмдардың отбасыларымен байланысқа шығып, материалдық көмек көрсетуге ниетті екендерін мәлімдеді.