Әлеумет

Оқушы қызды зорлаған мұғалімге сот шешімі шықты

Үкім әлі күшіне енген жоқ.

Абай облысында оқушы қызды зорлаған мұғалімге қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Оқушы қызды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық қаралды. Іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалған.

2024 жылы шілде айының соңында ер адам Семей қаласының оң жақ жағалауында автокөлікте отырып, күш қолдану арқылы жас баланы зорлаған, - деп хабарлады Абай облысы сотының баспасөз қызметі.

2024 жылдың қараша айында Семей қаласының полициясы мектеп оқушысының анасының арызы бойынша тергеу бастады. Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы заңсыз әрекеттер фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. 32 жастағы Семей тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Білім бөлімінің мәліметінше, ол 2022 жылдан бері қалалық мектептердің бірінде бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген.

Қылмыс 2024 жылдың шілде айында болған. Ол кезде айыпталушы 32 жаста, ал жәбірленуші 14 жасқа толмаған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті оқушыны көлікте зорлаған.

Сотталушы кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұраған. Алайда ер адамның кінәсі сотпен жан-жақты зерттелген қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оны педагогикалық және балалармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.