Әлеуметтік қызметкерлерді даярлау мәселелері талқыланды
Дөңгелек үстел өтті.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Кәсіби стандарттар жүйесін жетілдіру және әлеуметтік қызметкерлерді даярлау» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп отырысты аша келіп, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі қоғамның әл-ауқатын арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Осы орайда кәсіби стандарттарды жетілдіру және әлеуметтік қызметкерлерді даярлау мәселелері аса маңызды екені айтылды.
«Кәсіби стандарттар жүйесін жетілдіру және әлеуметтік қызметкерлерді сапалы даярлау – бұл біздің қоғамның тұрақты дамуына инвестиция болып отыр. Мемлекеттің, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің бірлескен жұмысы бізге азаматтардың сұраныстары мен заманауи сын-тегеуріндерге тиімді жауап бере алатын мамандардың мықты, құзыретті тобын тәрбиелеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Нұртөре Жүсіп.
Отырыс барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Асқарбек Ертаев Ұлттық біліктілік жүйесін құруға 19 министрлік пен 2 агенттік қатысатынын хабарлады. Мамандарды даярлаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында кәсіптік стандарттарға маңыз беру, білім беру бағдарламаларын қайта қарау және оларды салаға біріктіру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілі еліміздегі техникалық және кәсіптік білім берудің ағымдағы жай-күйі туралы айта келіп, талапкерлер санының өскені және мемлекеттік тапсырыстың көбейгенін жеткізді. Ол сондай-ақ колледждерді салаларға бөлудің маңыздылығын атап өтті.
Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Динара Щеглова өз кезегінде әлеуметтік жұмыс саласында кадр даярлау туралы хабардар етті. Бүгінде осы мамандық бойынша еліміздің 13 жоғары оқу орнына 535 білім гранты бөлінді, студенттер білім алуда, ал 2024 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 80%-ды құрады.
Дөңгелек үстел жұмысына басқа министрліктер мен мекемелердің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың, оқу орындарының басшылары, салалық кеңестердің төрағалары мен сарапшылар қатысты.