Қоғам

Адам саудасының құрбанына айналған: қазақстандықтар құтқарылды

Арасында өзбек пен қырғыз азаматтары да болған.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы "Дунё" ақпарат агенттігінің мәліметінше, адам саудасымен айналысатын топтың қолына Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары түскен, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған агенттік Өзбекстан азаматтары М.С. (2000 ж.т.) және Б.В-ның (1997 ж.т.) Мьянмада адам саудасының құрбанына айналғанын, сондықтан Өзбекстанның Таиландтағы Бас консулдығынан көмек сұрағанын айтады. 

Алданған азаматтардың сөзінше, оларға интернет арқылы жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынылған, тіпті ұшақ билеті де тегін беріліпті. Десе де, Таиландқа жеткен соң алдау арқылы заңсыз жолмен Мьянмаға өткен. Ол жерде қылмыстық топтар 3 елдің азаматтарын алаяқтық колл-орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүрлейді, бағынбағандарына күш қолданып, қоқан-лоққы көрсеткен. Бостандыққа шығу үшін ірі көлемде ақша талап еткені де белгілі болды. 

Дәл осы жағдайға 8 Қырғызстан азаматы мен 4 Қазақстан азаматы да тап болған. Қырғызстанның Таиландтағы дипломатиялық өкілдігі болмағандықтан, Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттары Қырғыз тарапының өтініші бойынша көмек көрсеткен.