Қоғам

«Майқайыңалтынға» жаңа басшы тағайындалды

Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ- ның бас директоры болып Даниал Нәбиев тағайындалды. Ол бұған дейін аталған компанияда басшының бірінші орынбасары қызметінде болған.

«Майқайыңалтынның» еңбек ұжымына жаңа басшы таныстырылды. Алтын кәсіпорнының жаңа иесі - «Алтыналмас» АҚ басшылығы Даниал Нәбиевтің кандидатурасын құптап, бас директорлыққа бекіткен. Д. Нәбиевтің басқарушылық тәжірибесі мол, Қазақ-Британ университетінің түлегі.

Қазіргі уақытта еңбек ұйымы бірқатар жаңа бағыттарды жоспарлап қойған. Пайдалану мерзімін ұзарту және өндіріс көлемін арттыру мақсатында компания қазірдің өзінде қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін бес лицензия алған. Перспективті бағыттардың бірі - Баянауылдағы «Алпыс» кен орны. Онда геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Кен орнының игерілуі басталған уақыттан бері жинақталған тарихи қалдықтарды өңдейтін жаңа фабрика салу көзделіп отыр. «Алтыналмас» компаниясы даму, өндіріс көлемін арттыруды ғана емес, кәсіпорындағы еңбек ахуалын жақсартып, әлеуметтік жағдайды дұрыстауға көңіл аудармақшы.