Қазақстандық ғалымдар халықаралық конференцияда мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерін талқылады
11 сәуір күні И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің 80 жылдық мерейтойына орай «Сандық дәуірдегі «Манас» эпосы және мемлекеттік тіл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ауқымды шараны Қырғызстанның «Манас» ұлттық академиясы, И.Арабаев атындағы ҚМУ, Қазақстанның Қазақ ұлттық қыздар педагогикалы қуниверситеті және Өзбекстанның Андижан мемлекеттік педагогикалық институты бірлесіп ұйымдастырды. Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген ғалымдар, жас оқытушылар, магистранттар, докторанттар және студенттер қатысты.
Қырғыз, қазақ және өзбек тілдерінде онлайн және офлайн форматта өткен бұл конференцияның негізгі мақсаты – жас ғалымдардың цифрлық дәуір жағдайындағы тілдің өзекті мәселелерін зерделей білу қабілеттерін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және мәдениетаралық диалогты кеңейту.
И.Арабаев атындағы ҚМУ-дың Мемлекеттіктіл және мәдениет институтының директоры, профессор Самат Жұмалиев конференцияның ашылуында сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі конференцияда қазіргі тіл мәселелері, соның ішінде ана тілін оқытудың өзекті бағыттары, цифрлық дәуірдегі тілдіңжай-күйі мен болашағы қызу талқылануда. Шара жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін танып, оларды тіл мәселелерін шешуге тартуға бағытталған», – деді Самат Жұмалиев.
Конференция аясында 80-нен астам ғылыми баяндама ұсынылды. Олардың ішінде 7 баяндамадатікелей сандық дәуірдегі мемлекеттік тілдің жай-күйі мен даму бағыттары қарастырылды. Ғалымдар тілдердің демократиялануы, БАҚ пен интернеттіңәсері, ауызша сөйлеу мәдениетінің төмендеуі, тілдік агрессия құбылыстары сияқты маңызды мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл мұрамыз – ана тіліміздісақтау, дамыту және оның қоғамдық мәртебесін арттыру қажеттігі ерекше аталып өтті.
Конференция барысында тіл мен әдебиеттің байланысы, тіл мен тарих, мәдениет пен педагогика арасындағы өзара ықпалдастық мәселелері де кеңінен талқыланды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жарқынбике Нуайқызы конференция аясында «Қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында қонақ дәріс оқыды.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі дамуы мен халықаралық деңгейде танылуы – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Өз дәрісімде осы бағыттағы жаңа әдістемелер мен бағдарламаларды ұсындым. Өз тілін құрметтеген елдің болашағы жарқын болады. Бұл конференция – тіл тағдыры үшін ғана емес, елдер арасындағы ынтымақтастық үшін де маңызды бастама», – деді ғалым.
QyzPU-дың профессор-оқытушылар құрамы конференция жұмысына белсене қатысып, өз ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Университеттің бастамалары тіл мен мәдениетті сақтау, ғылыми ықпалдастықты арттыру бағытында болашақта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Бұл халықаралық іс-шара Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылым мен білімберу саласындағы беделі мен белсенді ұстанымын тағы бір мәрте айқындап берді.