Рысбек Зұрғанбайұлы – 70 жаста

1955 жылы 29-тамызда Баян-Өлгий аймақтық Ногооннуур сұмынының «Көкжота» жайлауында туған. Абақ Керей-Шыбарайғыр-Балта руынан тараған.
Зайыбы Қаташ Әдиятқызы. Руы Шеруші-Саңырау-Байбол. 2 ұл, 2 қызы және немере-жиендері бар.
1990 жылдан Моңғолия Жазушылар Одағының, Моңғолия Журналистер Одағының, 2022 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
1990-1996 жылдары аймақтық радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 1996-1998 жылдары «Жаңа Өмір» газетінің бас редакторы, 1998-2002 жылдары радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 2002-2005 жылдары «Шарапат», «Армысың Ақиқат» газеттерінің жауапты хатшысы, бас редакторы, 2005-2015 жылдары Аймақтық Азаматтар Өкілдері Құрылтайының баспасөз-ақпарат қызметкері болып жұмыс істеді. Қоғамға 44 жыл еңбек етіп 2015 жылдың қазан айында еңбек зейнеті демалысына шықты. 2021 жылдан Моңғолия Қазақ Қаламгерлер Кеңесінің Басқару кеңесінің төрағасы, «Шұғыла», «Қалам-Сия» журналының бас редакторы болып қызметтеп келеді.
КЕСІРТКЕ
Кердең қағып, жолымды кескестеді, Кесіртке!
Қай құдірет, о тоба, мұны сонша есірткен?!
Сумаң-сумаң етеді, сызданады – ерсініп:
«Дәтің жетсе, кәнеки, құйрығымды кесіп көр!»
Елеуіреп есіп тұр – есі кеткен «Ешкіемер»,
«Дәтіңді айт!» деп долырып, емес тіпті дес берер!
Мүсіркеп ем – бұлданды,
Есіркеп ем – тұлданды.
(Арыстансып, ал енді, құйыршығын кесіп көр?!)
Жоқ!
Арбама, әзәзіл!
Алғау салма, Ақылға!
Пақырды да бір мәрте балай салсаң Батырға,
Неміз кетер, ей Адам?!
Нең кетеді – Күштілік?!
Қайдан білдің – қанында бір Тектілік жатыр ма?!
Тайыздық пен Ұшқырлық: «О, пәлі-ай!» деп кекетпе,
Кесіртке-Өмір – Аяныш, – қанша «обалсыз» десек те.
Пәлсапаның перісі – Пайғамбарға жүгінсек:
Алыптардың тобында, Ол – ең бірінші есепте!
Жер шарының жартысын жаулап алған – өлік Құм...
Бір заманда сол өлке – таңғажайып көрікті,
Ормандары сыңсыған,
Топырағы тусыған,
Бұлақтары жосыған – Пейіш бағы болыпты!
Кесірткелер бабасы – Динозаврлар үйірі,
Күнге қызып арқасы, құмға қызып бүйірі,
Жосып жүрген деседі – ен байтақтың егесі...
Осы күнде... олардың таба алмайсың түйірін!
Ақырзаман алғашқы бізден бұрын болыпты,
Жер дүние өртеніп, топан суға толыпты.
Бәріне де пенденің – астамдығы себепкер,
Деп таңданба: «Алланың кәріне қалай жолықты?»
Төңкеріліп жер жаһан астаң-кестең болғанда,
Нұқ пайғамбар келіпті – тіршілікке қорғанға.
Кеме жасап – жандының әрбірінен бір-бір жұп,
Аман алып қалыпты – мынау жарық жалғанға.
Бізге жеткен осы аңыз замандардан ықылым,
Қазығұртта дейді екен сол кеменің тұқылы.
Недегенмен әйтеуір, қалауымен Алланың,
Он сегіз мың ғаламның сақтап қапты тұқымын.
Сол жандының біреуі – Заврлар да ғайып боп,
Кеткен екен амалсыз зүлзәлада шәйіт боп.
Тартылғанда топан су, тау-тау құмның астында,
Кесірткенің бабасы қалған дейді мәйіт боп.
Кесірткені есірткен бабасының қаны ма?!
Кессең дағы құйрығын өседі екен тағы да.
Таудан қалған төбешік секілді өзі титімдей,
Шақарлығы ұқсайды-ау – ұлы Заврларына!
Ойым да жоқ, оллаһи, кесірткені ұлықтар,
Десем дағы: «Бабаңнан садаға кет, құрып қал!»
«Жақсыдан – жаман туса да», тектінің силап аруағын,
Маңдайынан шертпейтін, халқымда асыл ғұрып бар!..
P.S:
О, бірақ та, ортада бар болса Адам-Кесіртке,
Құйрығын кес, аяма, кердеңдетіп есіртпе!!!
РУХТАР ЕЛЕСІ
Ұйқылы-ояу жатқанда түнемелік,
Ұлы рухтар қоршайды, түрегеліп.
Кебініне оранып – аппақ-аппақ,
Алды-артымда андалап жүреді еріп.
Бұлдыр-бұлдыр буалдыр түрге еніп,
Бейтанымда көрінген сүлделеніп,
Сол рухтар сұлбасы қадау-қадау,
Үн қатқандай болады тілге келіп.
Сөйлейтұғын секілді күңгір-күңгір,
Құлағыма келеді үн дүңгір-дүңгір.
Әлде, көне қобыздың сарыны ма,
Әлде көне домбыра күмбір-күмбір?!
Ата Алтай, Хан Кентау, бай Қаңғайды,
Мүмкін, әлі аңсайды, армандайды?!
Сіңіп кеткен Халхаға Қоңырат пен,
Керей, Уақ, Жалайыр, Найман жайлы.
Даңқы дегдеп, айдарын арай шалған.
Боғда тауға ту тігіп, сарай салған,
Хан Тұғырыл тағынан тайған шақтың,
Өкініші болмасын қалайша, Арман?!
Ықыласын алғаусыз беріп жүрген,
Жерініп – жиен-күйеу Тежужіннен,
Дей шешен де бармағын тістелейді,
Рақым тілеп Бұйра көл, Керуліннен.
Алтай, Қаңғай, Ұлы Ертіс, Көпкөл, Саян,
Хандық құрған Бұйрық хан, өктем Таян,
Күшіліктің көмескі рухтары,
Күңіреніп, береді көктен аян.
Кер далада кісінеп Ақсақ Құлан,
Айтқандай ма-ау, арқырап, қақсап бір ән?!
Түркістаннан түмен баб дұға оқып,
Ыңырана ма-ау, дерттеніп асқақ Тұран?!
Көк бөрілер ұлыды, әні, Көктен,
Неткен зарлы үн – жанымды жанып өткен?!
Ит Қалмақпен әлі күн майдандасып,
Жүргендей ме-ау, Абылай, Жәнібектер?!
Атажұрты Алтайға ел қондырған,
Шүршітің де жүрмеген жел жағынан,
Қату қабақ Қожекем Ақ ту ұстап,
Жортып келе жатқандай өр жағымнан.
Бейсенбі-күй күңіреніп енді бір сәт,
Аш көңілге қанағат, берді ынсап.
«Елім-айым» еңіреп...
«Ағажай»-ым,
Аңырайды...
Аза жыр тәнді құрсап!..
...Ұйқылы-ояу жатқанда түнемелік,
Ұлы рухтар қоршайды, түрегеліп.
Дәметкендей олардан бір жылылық,
Бүрсең қағып, безектеп жүрем еріп...
МАХАМБЕТ ДЕСЕ...
І
«Махамбет!» десе көзіме,
Елестейді көк сүңгі.
Өзі де батыр, сөзі де,
Ондай оғлан жоқ сынды.
Семсердей сөзді селдетіп,
Жебедей ұшқыр – төрт қырлы,
Тектінімсіген Төреге,
Тайсалмай барып тепсінді.
Теңдігін сұрап елінің,
Теңгермей жаттан ешкімді,
Өктемсігеннің өзегін,
Өртеді – жыры от сынды.
Нарынның құмын нарт етіп,
Нарсынғанмен арбасқан.
Наркескен-намыс жарқ етіп,
Жаусынғанмен жандасқан.
Шекшигенмен шендесіп,
Хансынғанмен қандасқан.
Тарлан атты, тау сынды,
Исатаймен андасқан.
Атойлаған даусынан,
Ашылып шайдай шаңды аспан,
Ата жауын айбынтқан,
Тот баспас, қиғыр алдаспан.
«Махамбет» десе көзіме,
Елестейді көк сүңгі.
Өзі де батыр, сөзі де,
Ондай оғлан жоқ сынды.
ІІ
Өзекті өрттей шарпыған,
Санада сыздап сарсыған,
Сығымдап қысып жүректі,
Ығырды ап, зілдей жаншыған,
Көбедей көп қыжылды,
Жебедейін ысқыртып,
Кебе қарын керінің,
Қылдай жанын қышқыртып,
Алдаспандай жарқылдап,
Ақсұңқардай саңқылдап,
Көсемсіген ұлықты,
Шешенсіген быдықты,
Сүлейменсіген сүлейді.
Дәуітсіген дүлейді,
Дар ағаштың қасында,
Талақ етіп үрейді,
Шыбын жаннан түңілткен,
Тобығынан бүгілткен,
Тақсыр басын иілтіп,
Табанына үңілткен,
Құдайдың құлы болса да,
Қыл көпірде сүрінткен,
Өр серпіген өр рух,
Сөз семсері Махамбет,
Танымы таяз, кем ақыл,
Ұрпағыңды ғафу ет!
Сіздей болу біздерге,
Бұйырмаған қасиет...
Ғафу ет! Ғафу ет!..
ЖЕР – СЕНІ ЖЕР
ІІІ
Біреулер атшаптырым жер алады,
Дүние боқ жиғанменен не болады.
Пәниде пайда қуып, бұл пендеңіз,
Бақиға барып қана «демалады».
Қиналған кедей-кепшік, жетім-жесір,
Көрсеңіз көмектесіп көңілін өсір.
Қанағат керек дейді әр нәрсеге,
Өлгенде бұйырар жер екі-ақ метр.
...Иелік етем деген Көк пен Жерге,
Жиһангер Зұлқарнайын Ескендір де,
Қазақтың даласында өлім құшып,
Шындығын айтып кеткен ескен желге.
...Зузаға жайғастырған ірің дене,
Бір тәмсіл қалдырыпты тірілерге.
Қолдарын ақыреттен шығарып ап,
Жайыпты алақанын дүйім елге.
Осыны көрген қауым таңғалыпты,
Шешуін таба алмай сандалыпты.
Сол кезде көп ішінен бір жұпыны,
Қаймықпай сөз тізгінін қолға алыпты.
«Жарандар, құлақ салғын бұл дәтіме,
Алла қамқор Пайғамбар үмбетіне.
Заң-жарғы патшалықтың пәтуәсі ғой,
Ұлт жосыны келтірер бір ретіне.
«Патшалардың патшасы» мәртебелі,
Жауыздықпен жаулаған жарты әлемді.
Шексіз байлық, қазына тонаса да,
Көзі тоймай ілгері тартар еді.
Бірақ... Міне көрдіңіз кереметті,
Сол байлықтан ол нені ала кетті?
О жалғанға бір түйір дән ала алмай,
Құр қол ғана түгі жоқ көрге кетті.
Тірісінде ол – ындынын тоғайтпады,
Ойлады тек дүние боқ молайтқанды.
Ашкөзділік – адамды айуан етер,
Алақанын жайғаны – соны айтқаны».
Шын сөзге жиылған жұрт бас иіпті,
Зұлқарнай – ақ кебіннен «кит» киіпті.
Көр қазып – кісі бойы, кере құлаш,
Үстіне – алтын емес тас үйіпті.
...Біреулер атшаптырым жер алады,
Дүниенің тарлық етіп кең алабы.
«Көз шіркін тояды тек топыраққа»,
Дегенді есіне алса не болады?!