Қазақстан Ресейдегі террорлық шабуылдан сабақ алуға тиіс – Айдос Сарым
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Ресейдегі «Крокус Сити Холлда» болған лаңкестік шабуылдан сабақ ала отырып, елімізде осындай жайттардың алдын алу үшін жан-жақты тексерісті күшейту қажет екенін айтты
Осы ретте ол «AMANAT» партиясы фракциясының депуаттары атынан Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдады.
«Қазақстан болған оқиғаны жан-жақты зерделеп, қажетті сабақ алуы тиіс. Оқиғаны талдау нәтижелері трагедия құрбандарының үштен бірі тікелей террористік шабуылдан қаза тапса, ал қалғаны оған ілеспе өрт пен дүрбелеңмен, күш құрылымдары мен іс-шараны ұйымдастырушылардың іс-қимылдарының жүйелі болмауымен байланысты болды», – деді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңесінде берген тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
«Сонымен қатар, Сізден мынадай мәселелерге назар аударуды сұраймыз. Біріншіден, құрылыста пайдаланылатын материалдардан бастап азаматтар мен персоналды пайдалану барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне дейін салынып жатқан мәдени-бұқаралық және спорттық құрылыстарды салу және міндетті түрде мемлекеттік қабылдау мәселелеріне мемлекеттік бақылауды күшейткен жөн.
Екіншіден, бүгінде бүкіл ел бойынша мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды өткізу және реттеу алгоритмдерін қайта қарау, олардың ұйымдастырушыларының құқық қорғау органдарымен және шұғыл көмек қызметтерімен өзара іс-қимыл тетіктерін нақты белгілеу қажет.
Елдегі әрбір концерт залында, спорт ғимаратында төтенше жағдайлар туындауы кезіндегі нақты жоспарлары болуы тиіс, олардың кәсіби қызметкерлері арнайы оқытылып, сондай-ақ халық көп жиналатын шаралар қарсаңында тиісті нұсқамадан өтуі қажет. Іс-шаралар барысында залдар мен үй-жайлар азаматтар үшін өлім тұзағына айналмауы керек. Ал ұйымдастырушылар қажет болған жағдайда қосымша персонал жалдауға, кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ адамдарды қауіпсіз шұғыл эвакуациялау қажет болған жағдайда ішкі істер және ТЖ органдарын тартуға дайын болуы керек», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, осындай залдар мен ғимараттарда өртке қарсы және өзге де жаттығулар, қызметкерлермен жаттығулар, сондай-ақ қажет болған жағдайда тиісті құқықтық мәдениет пен өзіндік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету дағдыларын сіңіру қажет. Сонымен қатар ол оқушылар мен студенттердің қатысуымен де дайындық шараларын өткізу маңызды екенін атап өтті.
«Үшіншіден, ең көп баратын мәдени-спорттық ғимараттар мен залдарға олардың терроризмге қарсы, өртке қарсы және өзге де қауіпсіздігі, қажетті сигналдық және өртке қарсы жабдықтармен қамтамасыз етілуі тұрғысынан аудит жүргізген жөн. Олардың жұмыс күйінде болуын мезгіл-мезгіл тексеру керек. Сондай-ақ, жаңа объектілердің сейсмикалық және өртке қарсы қауіпсіздіктің барлық талаптарын ескере отырып, өртке төзімді, отқа төзімді материалдарды пайдалана отырып салынғанына назар аудару қажет», – деді Айдос Сарым.