жексенбі, 23 наурыз, 2025 0:48

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Абай университеті Ұлыстың ұлы күнін атап өтті

Абай университеті Ұлыстың ұлы күнін атап өтті
Қош келдің, әз-Наурыз!

2025 жылғы 20 наурызда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.

Қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға және ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпаққа ата-баба дәстүрінің маңызын түсіндіруге бағытталған шара барысында 9 киіз үй тігіліп, құрметті қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылды.

Мерекелік іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, құрметті қонақтар, БАҚ өкілдері, Абай университетінің ардагер ұстаздары, профессорлық-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері және студенттер қатысты.

Іс-шараның алғы сөзінде Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп:

«Тәуелсіз ел атануымыздың арқасында өшкеніміз жанып, үзілгеніміз жалғасын тауып, жоғымыз түгенделуде. Ұлтымыздың рухани қазынасы саналатын асыл мұраларымызды жас ұрпаққа насихаттаудың да жарқын үлгісі – осы бірлігі жарасқан бейбіт елімізде көрініс табуда. Қараусыз қалған мазарды шөп басады, қынаптан суырмаған қылышты тот басады деген аталы сөз бар. Олай болса, Наурыз сияқты салт-дәстүріміздің мәртебесін үстем ету – баршамыздың ортақ парызымыз деп білемін. Самарқанның көк тасы еріген көктемнің осы бір күнінде сіздерге дүниенің бар жақсылығын, ырысы мен ынтымағын тілеймін. Наурыз мейрамы құтты болсын!», – деп Абай университетінің ұжымын Наурыз мерекесімен құттықтады.

Мерекелік жиын барысында ұлттық өнерге ерекше көңіл бөлінетін мәдени шаралар ұйымдастырылды. Университет факультеттері қазақ халқының көнеден келе жатқан тұрмыс-салты мен дәстүрлерін көрсету бойынша өзара сайысқа түсіп, «Думанды Наурыз», «Берекелі дастарқан», «Көрікті ұлттық киім», «Өнерлі орта», «Дәстүр жаңғыруы», «Креативті Наурыз», «Ұлттық спорт ойыны», «Наурыздың қазақ үйі» номинациялары бойынша бақ сынады.

Сонымен қатар іс-шара аясында ұлттық өнерге ерекше назар аударылды. Қазақ халқының көнеден келе жатқан тұрмыс-салтын паш ететін түрлі ойындар ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері мен суретшілер зергерлік бұйым жасау, ұлттық нақыштағы көрме секілді дәстүрдің үздік үлгілерін ұсынды. Айтыс ұйымдастырылып, жарапазан айтылды. Халық әндері шырқалып, қазақ биінің түрлі жанрлары орындалды, күмбірлеген күй шертіліп, төл өнер кеңінен дәріптелді. Ұлттық киімдегі өнерпаздар сахнаның ажарын ашып, халықтың эстетикалық талғамын айшықтады. Кеш барысында танымал әнші, сазгер Құдайберген Бекіш жиналған қауымға әннен шашу шашты.

Мерекелік жиын – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпаққа ата-баба дәстүрінің маңызын түсіндіруге бағытталған игі қадам. Ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасын дәріптеу, салт-дәстүрімізді насихаттау – қоғамның рухани кемелденуіне үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар