Қоғам

Сенат Төрағасы: Алматыда ОДМ жөніндегі аймақтық орталық құру – Қазақстан үшін үлкен жетістік

Бүгін Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті.

 

Отырысқа Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және азаматтық сектордың өкілдері, сондай-ақ, сарапшылар қатысты. Іс-шара барысында биоәртүрлілік саласындағы қазіргі ахуал, оны сақтауды жетілдіру тетіктері, орнықты болашақ үшін құрлықтың экожүйелерін тиімді пайдаланудың маңызы және осы бағыттағы басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Комиссия отырысында қатысушылар қазіргі таңда бүкіл әлемде экожүйелерге қауіп төніп тұрғанына және олар кешенді қорғауды қажет ететініне назар аударды. Орнықты даму индексінің 2024 жылғы көрсеткішіне сәйкес құрлықтың экожүйелерін сақтау Қазақстандағы ең өзекті алты мәселенің қатарына қосылған. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл бағытта жүйелі жұмыс қолға алынып, іске асырылып жатыр. Нақты айтқанда, Парламенттік комиссияның Төрағасы атап өткендей, заңнамалық жұмыстармен қатар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және басқа да жүйелі шаралар іске асырылып келеді.

«Өткен аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын құру туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл бастамасын іске асыру еліміз үшін үлкен жетістік екені анық. Аталған шешім Қазақстанды ұлттық және халықаралық деңгейде орнықты дамуға белсенді ықпал ететін мемлекет ретінде мойындауды білдіреді. Аймақтық орталық құрғақшылықпен, шөлейттенумен және ауаның ластануымен күресу бағытында су ресурстарын тиімді пайдалануға арналған жобаларды үйлестіреді. Сондай-ақ жасыл технологияларды енгізуге ықпал етеді», – деп, Мәулен Әшімбаев отырыстың күн тәртібіндегі басым міндеттерге тоқталып өтті.

Мәселені талқылау кезінде Парламенттік комиссияның мүшелері мен сарапшылар биоәртүрлілікті сақтау және құрлықтың экожүйесін тиімді пайдалану аясында орман ресурстары мен сирек кездесетін жануарлар популяциясын көбейтуге, сондай-ақ, жердің тозуы мен браконьерліктің алдын алуға басымдық берудің маңызды екенін айтты. Бұл ретте жел мен су эрозиясы, жүйесіз мал жаю, егін шаруашылығының технологияларын сақтамау, ауылшаруашылық жерлерін пайдалануды бақылаудың жеткіліксіздігі сияқты мәселелер туралы сөз болды. Сенат Төрағасының айтуынша, бұл жұмысқа барлық мүдделі тараптың қатысуы аса маңызды. Өйткені осы бағыттағы үдерістер өзара тығыз байланысты және бір-біріне тікелей әсер етеді.

«Қазақстан аумағында орман алқаптарының көлемі тек 5 пайызды ғана құрайды. Ормандарды отау, орман өрттері, орман ресурстарын қалпына келтіруге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеу сияқты антропогендік әсерлердің салдарынан бұл жағдай одан әрі күрделене түседі. Сондай-ақ 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті проблемалардың бірі. Еліміздің алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – сирек кездесетін жануарлардың популяциясын сақтау және көбейту. Бұл саладағы негізгі мәселе браконьерлік болып қалып отыр. Сирек кездесетін жануарлардың мүйіздері мен терілерінің контрабандалық саудасы олардың санының төмендеуіне әкеліп соғады. Жануарлар әлемінің әртүрлілігін сақтау орман, топырақ және жайылымдар экожүйесінің жағдайымен де тікелей байланысты. Жалпы, құрлықтың экожүйелерін қорғау, биоәртүрлілікті сақтау мемлекеттік және қоғамдық институттардың үнемі назары мен үйлесімді жұмысын талап етеді», – деді Палата Төрағасы.

Талқылау нәтижесінде мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар алдағы бірлескен жұмысқа қатысты тың бастамаларға тоқталып, өз ұсынымдарын айтты. Мәулен Әшімбаев отырысты қорытындылай келе, кешенді жұмыстың басым бағыттарын айқындап, қатысушыларды белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Нақты шаралардың қатарында табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру мәселелері де бар екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар ортақ сын-қатерлерді еңсеру ісінде өңірдегі елдердің ынтымақтастығы ерекше рөл атқаратыны айтылды. Қазіргі таңда Орталық Азиядағы барлық жердің 38 пайыздан астамын құрғақшылық жайлаған. Сарапшылардың есептеулері бойынша 2050 жылға қарай аймақтағы құрғақшылықтан келтірілген залал жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайызына жетуі мүмкін.

«Биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасын сапалы пысықтау қажет. Ықтимал тәуекелдер мен қауіптердің алдын алу үшін Ұлттық экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру де маңызды бағыттардың бірі. Топырақтың құнарлылығын сақтау үшін жер ресурстарын тұрақты басқаруға көшкен жөн. Осыған байланысты қазір Парламент депутаттары «Топырақты қорғау туралы» заң жобасымен жұмыс істеп жатыр. Жердің жай-күйін бақылаудың тиімді тетіктерін дамыту, жерге жауапкершілікпен қарайтын пайдаланушыларды ынталандыру шараларын әзірлеу, әрі қарай қалпына келтіру үшін топырақ мониторингін күшейту сияқты қадамдар да аса маңызды. Сондай-ақ экожүйелерді сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту керек. Аймақтағы елдермен де ынтымақтастықты күшейту айрықша мәнге ие. Себебі, шөлейттену мен жердің тозуы бүкіл өңірге ортақ проблема», – деген Сенат Спикері сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік органдардың өкілдерін бүгін көтерілген мәселелерді алдағы жұмыста ескеруге шақырды.

Парламенттік комиссия отырысында Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) бағдарламаларының үйлестірушісі Жаңыл Бозаева, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Раушан Рамазанова және басқа сарапшылар баяндама жасап, сөз сөйледі.