Ұлт ұстазы үйінде «Алаш арыстары жұбайы туралы» танымдық дәріс өтті
Дәріс Алаш арыстарына арналды.
06 наурыз күні көктем мерекесіне орай Алматы қаласы музейлер бірлестігі, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ұйымдастыруымен «Алаш арыстары жұбайы туралы» атты танымдық дәріс өтті. Іс-шараға Алаш арыстарының ұрпақтары: Айман Қабиденқызы Байсалова (Ахмет Байтұрсынұлының жиені), Женя Есмұханқызы Шукатаева (Тархан Жәнібектің ұрпағы), Эльмира Жұбанова (Құдайберген Жұбановтың қарашаңырағындағы келіні), т.б. және зерттеуші ғалым қыздар: Меңдігүл Шиндалиева («Алаш Арыстарының озық идеялары» атты жинақтың құрастырушысы), Райхан Сахыбекқызы Имаханбет (А.Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі), музей қызметкерлері мен белсенділері, БАҚ өкілдері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ әдіскер-мұғалімдері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанттары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Танымдық дәрісті музей-үйдің ғылыми қызметкері Әділет Ахметұлы жиынға жиналған апа-әжелеріміз бен қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтаудан бастады. Іс-шараның мән-маңыздылығын атап өткен Ә.Ахметұлы сөз тізгінін музей-үйі жетекшісі Райхан Сахыбекқызына ұсынды. Р.Сахыбекқызы құрметті қонақтарды таныстыра келіп: «Ахмет Байтұрсынұлының жары Бадрисафа анамыздың шын ныспысы қалай болғанын, олардың танысуы, отбасын құруы жайлы шара барысында кеңірек тоқталатын боламыз», - деп келушілердің қызығушылығын арттыра түсті. Ісшараның беташарын ашу үшін Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Қабиденқызы Байсаловаға сөз берілді. 88 жасты еңсерген А.Қабиденқызы анасы Шолпанның айтуымен, Ахмет атасының өзін мойнына салып көтеріп, ойнатқанын көзіне жас іркіле отырып баяндады. Торғай өңірінің тумасы атақты Тархан Жәнібектің ұрпағы Жаңыл (құжат бойынша Женя) Есмұханқызы шыққан әулеті жайлы естелігінде Ахмет атасымен қай жағынан туысатынын айта келе, музей-үй жетекшісі Р.Сахыбекқызына алғысын білдірді. Тұңғыш лингвист ғалым Құдайберген Жұбановтың келіні Эльмира Баймаханқызы жұбайы Асқар Құдайбергенұлының анасы Раушан туралы: «Енеміз алты баласының шашауын шығармай, тәртіпті, тәрбиелі қылып өсіріп, білімге құмар қылып, бірінен кейін бірін оқуға жіберіп отырған», - деп жанкештілігін тілге тиек етті.
Ұлт ұстазының жары Бадрисафа анамыз хақында ахметтанушы Р.Сахыбекқызы олардың танысуы, Бадрисафа есімінің берілуі, Шолпан Ахметқызымен таныстығы туралы мәліметтерімен бөлісті. Р.Сахыбекқызы: «Менің бағым – Ш.Ахметқызын көргенім, онымен дәмдес болып, жанында жүру бақыты бұйырғанында» - деді. Шолпан апаның айтуынша анасы әкесін «отағасы», «төрем» деп, үлкен ілтифат көрсеткен әрі ата-анасының қатар жүрмегенін, шешесі үнемі Әкесін алдыға оздырып, өз соңынан ерітінін сүйіспеншілікпен еске алады екен. Міне, бұл дегеніңіз сыйластықтың ғажап түрі емес пе?!
Жиын барысында КТК телеарнасына қадірлі қонағымыз А.Қабиденқызы мен ахметтанушы Р.Сахыбекқызы сұхбат берді.
Музей-үйдің ғылыми қызметкері Ә.Ахметұлы «Күн сөнсе де... (Ахмет ескерткіші алдында)» атты өлеңін оқып, қонақтардың қошеметіне бөленді. Танымдық дәріс соңында Алаш арыстарының ұрпақтары мен Алаш мұрасын насихаттаушы ғалым қыздарға алғыс хатпен марапаттап, жазушы Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: Тіл мұраты, болмыс философиясы» атты кітабын сыйға берді, жиын соңында жиналған қауым естелік суретке түсті.
Жансая Сман,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі қызметкері