дүйсенбі, 10 наурыз, 2025 14:59

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жеңіс СЕЙДОЛЛА: Өнерге келетін жастар көп

Жеңіс СЕЙДОЛЛА: Өнерге келетін жастар көп
Фото: ашық дереккөз
Өнердегі белгілі, талантты майталмандарды тәрбиелейтін, елге шығаратын тұңғыш өнер ордасы – Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі.

Бұл өнер мекенінің қаланғанына 60 жыл толып отыр. Осындай мерейтой қарсаңында көсегесі көгерген талай әншінің табалдарығына табаны тиіп, босағасынан шыққан тұңғыш колледждің директоры Жеңіс Сейдолламен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында ол өнер ордасының бүгінгі шәкірттері мен түлектері жайында сөз қозғады. 

– Жеңіс аға, бұл – талай талант иесі өсіп-өнген жер. Қазір қаншама түлектер тәрбилеп жатыр. Бірақ ең бірінші студия болып ашылды ғой?

– Иә, 1965 жылы ашылған кезде Қазақконцерттің жанынан екі жылдық студия болып қызметін бастаған. Студия дейміз ғой, бірақ қаншама таланттарды тәрбиелеп үлгерді. 1992 жылы училище, содан кейін колледж статусын алды. Негізі Одақ (сол кезде Кеңес Одағы) бойынша үшінші болып ашылған еді. Біріншісі Мәскеуде, екіншісі Киевте, сосын шымылдығын түрді. Мұндай эстрада-цирк оқу ордасы қазірдің өзінде төртеу-ақ. Негізі колледждің құрылуы, ашылуы туралы сөз болса, мынаны міндетті түрде атап өту керек: оқу ордасы Дінмұхамед Қонаев, Ілия Омаров, Гүлжахан Ғалиевалардың арқасында, осындай бірсөзділердің ұйымдастыруымен аяққа тұрды.

 1968-1969 жылы бітірген түлектердің арасынан Гүлдер ансамблін құруға бұйрық шықты. Студияны бітіргеннің бірнешеуі осы ансамблге, қалғаны циркке кетті. Сөйтіп бірінші түлектің барлығы дерлік жұмысқа орналасып үлгерді. Алғашқы құрылған Гүлдер ансамблі республикалық эстрадалық жастар ансамблі мәртебесіне жетті. Одан бөлек, бұл ордада академиялық (хормен) ән айтудан, жеке орындау сабағынан дәріс бергендердің есімі көпке белгілі шығар: Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Нұрғиса Тілендиев, Ғафиз Есенов. Бүгінде де көптеген елге белгілі өнерпаздар осы колледждің ең білікті педагогіне айналып шәкірттерге сабақ өтіп жүр. Соның бірі Жеңіс Ысқақованың тәлімін алған қаншама жастар өнерде өз орнын айнымай тапты. Бақыт Шадаева, Жанболат пен Жазира, Қайрат Нұртас сияқты әлі күнге тыңдарманының сүйікті әншілері дәл осы қабырғадан түлеп ұшты.

Кезінде оқу бітірген жастарды жұмысқа орналастырудың жүйелі болғанын, бәрі түгел орнын тапқанын айтып жатырсыз. Сол жүйе бүгін қалай өзгерді?

Өнерге де бакалавр, магистратура, академия, институт деген дәрежелер кіріп келді ғой, бәсекелестер көбейді. Т. Жүргенов атындағы академиясын, Қазақ Ұлттық өнер университетін, Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргендер қатары көбейді. Бірақ біздің түлектер ондай бәсекелестіктен қорықпады. Өйткені 90 пайызға жуығы жұмысқа орналаса алды, 95 пайызы әрі қарай оқимыз, жалғастырамыз деген шешім қабылдады. Бұл фундаменталды білім беретін бірден бір жер деп бағалап жатырмыз ғой, сондықтан оқуын аяқтаған түлектердің барлығы дерлік жұмыспен яки оқумен қамтылып отырды.

Бұл жүйе әлі күнге дейін бар. Жыл сайын колледжде әр бөлімнің бітірушілері концерт ұйымдастырады. Өзім емтиханды үлкен өмірге дайындайтын шоу қып өткізгенді жақсы көремін. Мысалы, естихан тапсырушылар кімнің орындауындағы әнді айтса, сол әнші келіп студентпен бір әнді орындап шығуы керек. Солай эстрадалық, домбырамен орындалатын дәстүрлі әндерді орындаушының өзімен бір сахнада орындайды. Сонда жас студенттер өнерге деген алғашқы қадамын жұлдыздармен бірге бастайды. Сонда жұлдыздың да жауапкершілігі одан сайын күшейеді. Ай сайын түлек әртістерді театрымызға шақырып кездесу-сұқбат өткізіп тұрамыз.

Колледжің қазіргі жүктемесі қандай? Грантта оқу, ақылы негізде оқитын балалар саны қандай? Соған қарап та өнерге қызығатын, бағалайтындардың шеңберін анықтай аламыз ғой.

         – Мемлекеттен бөлінетін грант бар. Дегенмен, ақылы бөлімге келетіндер саны осы гранттағылармен бірдей. Мысалы, биыл мемлекеттік грантта 65 орын болса, біз 182 студенттің құжатын қабылдадық. Сонда 1 орынға 3 адам келіп тұр емес пе? Кей колледждерде грант игерілмей қалатынын да естиміз. Таза эстрадалық вокалды дайындайтын бізде ғана бар. Қанық аспаптарда ән айту бөліміне, академиялық ән салуға, эстрадалық аспапта ойнайтын бөлімге келетіндер өте көп. Бірақ келген студенттердің бәрін қабылдау мүмкін емес, әрине. Талабы бар, көзі жанып тұрған, өнерге деген ішкі қалауы сыртынан көрінетін балаларды таңдап алдық. Бір жағынан оларды жатақханаға орналастыру мәселесі бар. Әңгіме жатақханаға келіп тұр екен, бұл туралы қысқаша айта кетейін. Алдағы уақытта жаңа жатақхана ғимаратын көтереміз деген жоспарымыз бар, инвесторлар да табылып тұр.

– Иә, демек өнерге келем дейтін жас талант көп екен. Алайда олардың басым бөлігі осы өнер ордасын таңдаса да, бұл жерде оқу бәріне бірдей бұйырмайды. Олардың талғамы мен таңдауын ескеріліп жатыр ма?

Иә, келушілердің көптігіне байланысты оқу ғимаратын да кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта қосалқы корпустар қосылмақ. Демек енді екі ғимаратымыз болады. Шешілмейтін түйін жоқ, тек әрекет ету керек. Колледж ашылатын уақытта да қиындық блмады емес, болды, бірақ ақыр-соңында ашылды ғой. Біздің басты мақсатымыз – жастарды өнерге даярлау.

«Гүлдер» ансамблі сияқты бишілер тобы қазір колледж қабырғасында да бар ма?  

Бар, «Тұмар» деген би ансамбль бар. Олардың сахналық киімін өзіміз тіктіріп алдық. Үлкен концерттерге шығып жүр қазір. Болашақта олар да елге белгілі танымал ансамбль болады деп сенеміз.

  • Ниетіңізге жетіңіз! Әңгімелескеніңіз үшін рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар