дүйсенбі, 10 наурыз, 2025 23:38

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«АЛАШ ЖӘНЕ ДІН» деректі фильмінің премьерасы өтті

«АЛАШ ЖӘНЕ ДІН» деректі фильмінің премьерасы өтті
Фото: Oimaqnews.kz
Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің төрағасы, 20 ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай Астана қаласы «Сарыарқа» кинотеатрында журналист Серік Жолдасбайдың «Алаш және Дін» атты деректі фильмінің прьемерасы өтті.

Прьемераға алаштанушы ғалымдардан Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Хан Аққұлы, Ықылас Ожайұлы, Қайрат Сақ қатысты. Оған қоса ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам белсенділері, журналистер қатысты.

Деректі фильмде 20 ғасырдың басында қазақ қоғамын алға сүйреп, азаттықты аңсаған арыстар мен сол жолдағы белсенділердің діни көзқарас тұрғысындағы айтысы көрініс тапты.

Алаш арыстары Қырым татарларының көшбасшысы Исмайыл Гаспаралы бастаған Жәдитшілдік ағымын қолдады. Сол ғасырда Уфа мен Қазан қаласында Жәдитшіл бағытта медресселер болып, алаш арыстарының біразы сол мектептен білім алғаны баршаға мәлім.

Деректі фильмде Әлихан Бөкейхан бастаған жаңашыл топ пен ескілікті қолдаушы Қадымшылар арасындағы текетіресті ашқан. Өткен ғасырдағы «Қазақ», «Сарыарқа» газеті мен «Айқап» журналындағы мақалалар негізінде диалог өрбиді. Фильмде сұхбат берген әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлы сол замандағы қоғамның сипатын: «Алаш арыстары прогрессті, жаңашылдықты қолдады. Сол үшін де Орынбордағы Жалпықазақ сьезінде «Мемлекет – діннен бөлек, дін - мемлекеттен бөлек» деген ұстанымды қарарға қосты» десе, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев:

«Сол кездегі «Қазақ» газетінің ұстанымына қарсы мақала жазған «Айқап» журналының мақалары болған. Олар оқыған азаматтар болса да мемлекеті ісіндегі діни мәселеде ұстанымдары қарама-қайшы болып қала берді. «Айқап» журналын шығарушы Мұхамеджан Сералин Петебордағы Заң университетін тәмамдаса да Алаш арыстарының ұстанымына қарсылығын білдіріп отырды» дейді. Прьемерада 1914 жылғы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінің мақалаларын негізге алып Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының арасында диалогты қосқан. Ол жерде Әлихан Бөкейхан «Егер мемлекетті Шариғатпен басқаратын болсақ теңдік мәселесі, әсіресе қазақ әйелдерінің құқығы төмен болып қалады. 13 жастан қызбаланы тұрмысқа беру керек деген молдалардың айтқаны дұрыс деуге келмейді. Адамның дамуына, жағдайға қарау керек» – дейді.

Деректі фильмде сөз сөйлеген Ғарифолла Әнес:

«Патша үкіметінің шоқындыру саясатына да, жалдамады «указной» молдаларына да қарсы болған, Кеңес үкіметінің жаулау саясатына қарсы болған да діни білімі де, зайырлы білімі де болған азаматтар еді» деп ой түйіндейді. Ал дінтанушы Кеңшілік Тышхан: «Патша үкіметі тағайындаған «указной» молдалар тағдырға жазғанын көресің, бұйырғаны осы, құдайдың қалауы сынды түсініктерді қазақ қоғамына енгізуге тырысты. Қазақ түсінігіне бұл жат еді. Дала заңымен өмір сүріп, Исламның рәсімдерін дәстүр деп қабылдап өскен қазақ бұны толық сіңіре алмады» - деп, Жәдитшілдер мен қадымшыларды салыстыра келе: «Қадымшылар ескі білім беру жүйесін қатты қолдады. Әйелге білім берудің керегі шамалы, оларға сайлауда дауыс беру құқығы болғаны дұрыс сынды пікірді алға тартты. Жәдишілдерде керісінше. Олар теңдік мәселесін ту етті. Оның ішінде қыз-келіншектер де сайлауда дауыс беруі керек, қалың малға қызды сатып алу болмасын, білім алуға бәрі бірдей құқылы дегенді айтты», – деді.

Деректі фильмде Алаш арыстары дінге қарсы болды ма әлде қазіргі тілмен айтқанда фанатимзге қарсы тұрды ма деген сұраққа жауап іздеді. Фильмде сұхбат берген алаштанушы ғалымдардың барлығы да Әлихан Бөкейхан да, Алаш арыстары да дінге қарсы болмады дейді. Сұлтан Хан Аққұлы: «Әлиханның дінді мемлекеттен бөлек қылайық деген сөзін «Мен неге Кадет партиясынан» атты мақаласында айтып өтеді. Дін мемлекеттен бөлек болса – ел зайырлы болады. Мемлекет дін шаруасына араласпаса - дін гүлдейді» деп жазған мақаласынан білеміз» деп, алаш көсемінің көзқарасын айтып берді.

Прьемера соңында алаштанушы Тұрсынбай Жұртбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы, мемлекеттік музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемеров сөз сөйледі.

Жоба авторы, журналист Серік Жолдасбай деректі фильмге демеуші болғандарға алғыс айтып, бүгінгі 5 наурыз Әлихан Бөкейханның туған күнін мемлекеттік деңгейде тойлайтын күнге жетейік деп сөзін аяқтады.

 

 

Жанұзақ ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар