Қоғам

Абай облысында перзентханада сәбиімен бірге көз жұмған жүкті әйел өлімінің себебі анықталды

Абай ауданында жүкті әйел мен ішіндегі шақалағының шетінеп кетуіне кім кінәлі екені анықталды. Мамандар дәрігерлер әйелге уколды қате енгізген болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Енді отбасы кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр, деп хабарлайды Оimaqnews.kz stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Үржар ауданының 34 жастағы тұрғыны Гүлнәр Қайратқызы толғағы жеткенде, аудандық ауруханаға өз аяғымен барған. Төртінші баласын босануға барған ананың сол кездегі денсаулығы да жақсы еді дейді күйеуі. Бірақ екі-үш күн өткен соң Гүлнар нәрестесімен бірге көз жұмды.

“Әйелім мен баламның өліміне қатысты сараптама қорытындысы белгілі болды. Сараптама осы аурухана дәрігерлерінің кінәсін көрсетті. Әйелімнің қан тамыры зақымданған. Бұған дейін оның денсаулығы жақсы болған. Мен бұл дәрігерлердің қатаң жазалануын қалаймын”, – деді Үржар ауданының тұрғыны Ұлан Балапанов.

Оқиғадан кейін ауруханаға комиссия келіп, ондағы заңбұзушылықтарды анықтады. 

Бұдан кейін бас дәрігерге қатаң сөгіс жарияланып, оның орынбасарларын қызметінен босатсын деген талап қойылды. Оқиғаға қатысы бар дәрігерлер мән-жай анықталғанша жұмыстан шеттетілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, мойынға салынған инъекциядан тамыры зақымдалып, іштей қан кеткен. Сол өлімге себеп болыпты.

“Абай ауданының полиция басқармасы Үржар ауданының полиция бөлімшесі медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деді Абай аудандық ІІБ тергеу бөлімінің бастығы Сұңғат Әділбеков.