Қоғам

Резервтегілердің құқықтарына және оларды әлеуметтік қорғау мәселесі айтылды

Бұл туралы бүгін Сенатта қозғалды.

Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында резервтегі әскери қызмет туралы заңды қарау кезінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан армиясындағы резервтегілердің құқықтарына және оларды әлеуметтік қорғау мәселелеріне назар аударды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың сөзіне қарағанда, егер резервтік әскери қызметтегілер жаттығулар кезінде жарақат алып, тіпті мүгедек болып қалса, оларға өтемақы мемлекетімізде бар нормалар бойынша төленеді. Ал, әскери қызметшілер, офицерлер осындай жағдайға тап болса, оларға төленетін төлемақы басқа жүйемен жүргізіледі.

Сенат Төрағасы осы мәселеге баса мән беріп, бұл бағытты әлі де пысықтау қажет екенін айтты.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап мақұлдады. Заң Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды резервтік күштермен қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.