Руханият

"Бозторғай" 36 жылдан кейін қайта оралды

Әнші Мейрамбек Бесбаев тыңдарман қауымға жақсы жаңалығын жеткізді.

 

Әнші бала кезде орындаған “Бозторғай” әні 36 жылдан кейін тыңдарман қауыммен қайта қауышып отырғанын айтты. 

“Ақын Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазылған, Алтынбек Қоразбаев көкемнің “Бозторғай” әні 36 жылдан кейін елмен қайта қауышып отыр. Ақберен Елгезек досымның түсірген “Болмаған балалық шақ” фильмінің саундрегі ретінде ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыздар! Баршаңызды осы бір ойлы, тәрбиелік мәні зор фильмді бала-шағаларыңызбен бірге барып көруге шақырамын, ағайын!”, – деп жазды әнші. 

Өнер иесі бұрын осы әнді түсіну үшін жетімдер үйіне барған. 

“Мен бала күнімде “Бозторғай” деген әнді айтқанмын. Жетім баланың зары мен мұңын суреттейді. Сол кезде Алтынбек көкем жетімдер үйіне алып барған. Әнді түсініп айтсын деген ниеті болуы керек. “Мына балалардың әкесі де, шешесі де жоқ” дегенде өмірде әке-шешесі жоқ балалар да болады екен ғой деп қатты таңғалғаным бар”, – дейді Мейрамбек Бесбаев.