Руханият

Айтолқын ТОҚТАҒАН: домбырашы: ТАЛАНТТАН БҰРЫН ЕҢБЕК МАҢЫЗДЫ

Нағыз қазақ домбыра екенін бұрыннан айтып келеміз. Ал қазір өнерге бет бұрған жастар қатары көбейіп келеді. Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, домбырашы Айтолқын Тоқтаған Oimaqnews.kz тілшісіне берген сұхбатында жастардың домбыраға, күйшілік өнерге көзқарасы жайында сөз қозғады. Айта кетейік, Айтолқын Тоқтаған белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған бірқатар лекция-концерттер өткізіп жатыр.

– Айтолқын ханым, нағыз қазақ домбыра екенін бұрыннан айтып келеміз. Десек те, қазір домбыраға хобби ретінде қарап үйрену үшін келетін сияқты. Шын өнерді бағалап келетіндер бар ма? Әуелі өзіңіздің бұл өнерге келуіңіздің себебін айтып беріңізші.

Домбыра – қазақ халқының жаны, тарихы, рухы. Бұл аспаптың үнімен халқымыз қуанышын да, қайғысын да жеткізген. Менің домбыраға деген сүйіспеншілігім бала кезімнен басталды. Алғаш қолыма алған сәттен-ақ оның ерекше сырын сезіндім. Домбыра өнерін кәсіби түрде үйренуге түрткі болған – әуелі, ата-анамның өнер адамдары болуы, әрі халқымыздың бай мұрасын тереңірек түсініп, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысым. Ұлы күйшілердің мұрасын зерттеп, әр күйдің тарихына үңілген сайын домбыраға деген құрметім арта түсті. Сонымен қатар, кәсіби деңгейде меңгеру арқылы ұлттық өнерімізді тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де насихаттауды мақсат еттім. Домбыра – жай ғана аспап емес, ол – халықтың жүрегі. Оны шебер меңгеру арқылы мен өзімнің ішкі жан-дүниемді, халқымның болмысын жеткізе аламын. Бұл өнерді үйрену – мен үшін тек кәсіби жетістік емес, рухани өсу жолы.

– Сіздің ізденісіңіздің, зерттеу тақырыптарыңыздың негізгі арнасы – Дина Нұрпейісованың шығармашылығына негізделген. Оның күйшілік өнерін тереңінен, ауқымды зерттедіңіз. Нәтижесінде күй өнерінде маңызды тұжырымдар келтірдіңіз. Зерттеуге кіріспес бұрын тұлғаны таңдауыңызға не себеп болды?

Дина Нұрпейісова – қазақ күй өнерінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі. Оның шығармашылығын зерттегеннен кейін, шынында біршама тұжырым жасадым. Біріншіден, Дина – Құрманғазы мектебінің жалғастырушысы ретінде оның күйшілік дәстүрін сақтап, жаңа биікке көтерді. Динаның күйлерінде Құрманғазының асқақ рухы, еркіндік пен азаттыққа деген ұмтылыс анық көрінеді. Екіншіден, Дина Нұрпейісованың күйлері қазақ әйелдерінің өнердегі орнын айқындады. Оның өмір жолы – тек күйшілік шеберліктің ғана емес, әйел затының қайсарлығы мен табандылығының көрінісі. Ол ерлермен қатар күй тартып, өзінің дара талантымен өнер биігіне көтерілді. Бұл аз десеңіз, Динаның шығармашылығында халықтың тұрмыс-тіршілігі, қуанышы мен қайғысы, ел басынан өткен тарихи оқиғалар айқын көрініс тапқан. Мысалы, «Әсемқоңыр», «Бұлбұл», «Қосалқа», «Ана бұйрығы», «Тойбастар» сияқты күйлерінде қазақ халқының өмір салты, табиғаттың әсемдігі, ананың мейірімі мен қуанышы әсем әуенмен өрнектелген. Сонымен қатар, күйші қыз – қазақ күй өнеріндегі жаңашыл композитор. Ол өз күйлерінде ерекше орындаушылық тәсілдерді қолданған. Саусақ басу техникасы, қағыс түрлері мен ырғағы дәстүрлі күйлерден өзгеше болып келеді. Жалпы, Дина Нұрпейісова шығармашылығы – қазақ күй өнерінің баға жетпес қазынасы. Оның мұрасын зерттеу арқылы мен күй өнерінің дамуы мен болашақ ұрпаққа берер құндылығын тереңірек түсіндім.

– Күйші болуыңыз – бір бөлек. Университетте шәркіттерді өнерге баулу – бір бөлек. Қазіргі жастарды домбыраға, күйшілік өнерге қалай қызықтыруға болады? Немесе ол қанмен берілетін қасиет пе?

– Шәкірт тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Мен үшін ең басты ұстаным – әр оқушының табиғи дарынын ашып, оның жеке ерекшеліктерін ескере отырып дамыту. Кез келген адамға бірдей әдіс қолдану дұрыс емес, себебі әр шәкірттің қабілеті, қабылдау деңгейі және өнерге деген көзқарасы әртүрлі. Дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіру арқылы ұлттық күй өнерінің дәстүрін берік ұстанамын, бірақ заманауи оқыту әдістерін де қолданамын. Техникалық шеберлікті ғана емес, күйдің мазмұнын түсініп, оны сезіне орындауды үйретемін. Таланттан бұрын еңбек маңызды. Шәкірттің табиғи дарыны болғаны жақсы, бірақ бастысы – еңбекқорлық. Өнерге шынайы берілген, өз ісіне адал шәкірт қана биікке жете алады. Шәкіртпен тең дәрежеде қарым-қатынас құру – ең жақсы әдіс. Мен оларды тек оқушы ретінде емес, болашақ кәсіби музыкант, үлкен сахнаға шығатын орындаушы ретінде қараймын. Осылайша, олардың өз-өзіне сенімділігін арттырамын.

Сонымен қатар, күйдің тарихын сезіндіру өте маңызды. Әр күйдің артында терең мағына жатыр. Шәкірттерге күйлердің шығу тарихын айтып, олардың эмоциямен, шынайы сезіммен орындауын үйретіп, дайын күйді жаттатудан гөрі оны өз сезімімен орындауға мүмкіндік беріп, кейде олардың өз жанынан шағын күйлер шығаруға да жағдай жасаймын. Тек нотаға қарап ойнау емес, есту арқылы меңгеру, түрлі орындау техникасын игеру, сахнада өзін еркін ұстау сияқты дағдыларға көп көңіл бөлемін. Менің мақсатым – шәкірттерімнің домбыраны жақсы меңгеруі ғана емес, оларды қазақ мәдениетінің нағыз жанашыры, өнерге адал тұлға ретінде тәрбиелеу.

– Бүгінде әлеуметтік желіде қолына домбыра ұстаған жастар көп. Тіпті, халықаралық фестивальдерден жүлделі оралып жатқан жас өнерпаздарды көріп қуанамыз. Сіздіңше, қазіргі қоғам жастарының домбыраға құрметі қандай?

Қазіргі жастардың ұлттық өнерге, оның ішінде домбыраға деген құрметі қуантады. Соңғы жылдары ұлттық өнерге деген қызығушылық қайта жанданып келеді. Бұл, бір жағынан, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың, екінші жағынан жастардың өз тамырын тереңірек танып-білуге деген ұмтылысының нәтижесі деп білемін.

         Бүгінде домбыра үйренуге деген қызығушылық артуда – қазір көптеген жасөспірімдер домбыраны кәсіби түрде үйренуге ниетті. Музыкалық мектептер мен курстарда домбыра сыныптарына сұраныс жоғары. Оған мысал, әлеуметтік желілердегі ықпалды – TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда домбырамен күй орындау, халық әндерін жаңаша өңдеуде орындау трендке айналуда. Бұл ұлттық өнердің заманауи форматта дамуына жол ашып отыр. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» ретінде аталып өтеді. Бұл мерекеге жастардың белсенді қатысуы олардың ұлттық мұраға деген құрметінің жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен, бірқатар қиындық кездеседі. Кей жастар домбыраны көнерген аспап ретінде көріп, оған қызығушылық таныта бермейді. Батыстық мәдениеттің ықпалы күшейген сайын, ұлттық өнердің кейбір бағыттары назардан тыс қалып жатады.

     Жалпы алғанда, жастардың ұлттық өнерге деген құрметі жоғары. Бірақ оны әрі қарай дамыту үшін ұлттық мәдениетті мектептерде, университеттерде тереңірек насихаттау, дәстүрлі өнерді заманға сай жаңғыртып отыру қажет. Егер әрбір қазақ жастары домбыра үнін түсініп, оны қадірлей білсе, ұлттық өнеріміз ешқашан өшпейді.

Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Қасиет Өмірбек