Әлеуметтік желіге зәулім үй көрсетілген бейнеролик жариялаған таксистке айыппұл салынды
Сот шешімімен әкімшілік айыппұл төлейтін болды.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде Астананың бас имамына жала жапқан азаматтың ісін қарады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ulysmedia.kz.сайтына сілтеме жасап.
Сот құқық бұзушының әлеуметтік желілерге зәулім үй көрсетілген бейнеролик жариялап, ол үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражаттарына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтып, сол арқылы әлеуметтік желілерде ар-намыс пен қадір-қасиетке және басқа адамның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқанын анықтаған.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғаны белгісіз екенін түсіндірген. бейнероликті тек көру үшін жариялағанын айтып, өкініш білдірген. Кінәлі әлеуметтік желілерде жәбірленушінің абыройы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандықтан, сотта жәбірленуші оны заң бойынша жазалауды сұраған.
ӘҚБтК 73-3-бабы 2-бөлігінің санкциясы 180 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді. Сот жаза тағайындау барысында құқық бұзушының кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.