Қоғам

Археолог Ерлан Жағыпаровты атқан подполковникке қатысты сот үкімі шықты

Сот үкімін бүгін 7 қаңтар күні Алматының әскери соты шығарған.

Қаңтар оқиғасы кезінде археолог Ерлан Жағыпаровтың өліміне кінәлі деп танылған Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіровке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Сот үкімін бүгін 7 қаңтар күні Алматының әскери соты шығарған.

“Әубәкіров 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматы қаласында Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановақа оқ атқан. Сот барысында медициналық сараптама нәтижелері айтылып, 30-дан астам куәгерлер сұралды. Алматы горнизоны әскери соты Айтжан Әубәкіровті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы («Билікті асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті”, – делінген сот шешімінде.

Еске сала кетейік, бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы 2024 жылғы 19 желтоқсанда басталған болатын. Алайда бірнеше сот процесінен кейін сот жабық режимде өтті, журналистер сот залына кіргізілмеді. Сот мұны ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік құпияларға қатысты ақпараттың барлығымен түсіндірді.

Ерлан Жағыпаров – археолог, тарихи-мәдени мұраны зерттеуші болған. Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалып кетіп, бірнеше күннен кейін мәйітханадан табылған болатын.