Сіздей аға болмайды енді өлеңде...
Жұматай десе... Жұматай десе, адуынды асқақ жырлар, тау суындай қуатты талант, тасқа тұнған тұмадай тұнық махаббат еске түседі.
Бекзат болмысты, дегдар ділді, текті тілді ақынның жүрегі өзі қалдырған кірпияз көңілінің күнделігі іспеттес кітаптарынан келешекке үн қата соғып тұр. Періште-көңілмен күн кешіп, пенде болып тумаған, алты атанға жүк болар, арзан атақ қумаған, бойында «Кенежирендей» асқақ рух тулаған ақын Жұматай Жақыпбаевтың туғанына биыл – 80 жыл. Санаулы ғұмырын сал-серідей салтанатпен өткізіп, қағанат құрып, қаған болған, өзінен кейінгі қаламдас іні-қарындастарына сүйеніш-баған болған ақын жайлы көп дүниені қаузауға болады. Бүгін біз ғазал-ғұмыр кешкен ақын рухына тәу ете отырып, дәуірлерге жалғасар дегдар-жүректің дүрсіліне құлақ түріп көрмекпіз.
Ләйлә
Жұматай десе, Данте мен Петрарканың алғаусыз махаббатын сөз етеміз. Студент кезімізде пышақтың қырындай ғана Петрарканың «Лаура» атты кітабын қолға түсірдік. Кітап екі бөлімнен: «Лаураның өмірінен», «Лаураның өлімінен» тұрады. Сондағы бар ғұмыры мен ғазалын бір музаға арнаған ақынның жүрегіндегі кеңістіктей шексіз махаббаттың маздап жанған отын көріп таңдай қақтық. Бұл сезімді Жұматайды оқығанда тағы кештік. Иә, әлем әдебиетінде бір сұлуды ғұмыр бойы жырлап өткен ақындар аз емес. Мәселен, Лермонтовтың Лопухинасы, Дантенің Беатричесі, Гетенің Гретхені секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ақынның өзі «Сүйеніш» атты өлеңінде: «Балаң болсын өлеңіңнің жолдары, Сол бейнеден көз жазба, – деп – киелі», – Мені Данте Алигьери қолдады, Франческа Петрарка сүйеді, – деп әлем әдебиеті тұлғалары жауһарларының өмірі мен парасатын адамдық ұстанымына айналдыра білгендігін паш етеді. Жұматай Жақыпбаевтың 70 жылдығына арнаған жазбасында сыншы Әуезхан Қодар болса: «Ал егер Жұматайды әлемдік поэзияда кіммен салыстыруға болады десеңіздер, мен оны Данте, Петраркамен емес, тіпті «Мухаббат наме» жазған Хорезмимен де емес, ұрым (ежелгі Римді айтады – ред.) ақыны, әлем поэзиясындағы алғашқы лирик Гай Валерий Катуллмен салыстырар едім. Әрине, ол Катулл сияқты ашық эротикалық өлеңдер жазған жоқ шығар, бірақ Катулдың өзі мұндай инабат онша сақталмайтын поэзияға махаббат азабынан келген жоқ па? ...Ол Ләйләмен бір сәт кездескені болмаса, өмірі бірге болған емес. Ләйлә ол үшін әрқашанда пендеуи тіршіліктен бөлек, аспани, тәңіри әлем болды», – дейді.
Десек те, Жұматайдың Ләйләсі көне шығыс суфизмінен көш тартқан ғасыл махаббаттың бір көрінісі іспеттес. Мұны кезінде әдебиетші, сыншы, жазушы Айгүл Кемелбаева да жеріне жеткізе талдаған еді. Жазушының «МӘЖНҮН–ЖҮРЕК» атты эссесінде Ләйлә есіміне тоқталып, оның құдайлық мәніне тоқталады. Ақынның өзі: «Гәнжәуи жазған жырдағы қызбен аттас ең, О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде, Басқа мұратты бас қатырсам да таппас ем», – дейді. Айгүл Кемелбаева: «Жұматай Жақыпбаев шұғылалы сұлу ақын, ол емеспін десе де Мәжнүні тағы өзі ғой, ақындар жазмышынан озмыш кеткен жоқ. Ләйлі – нағыз ақындар тегіс сүйген өлең Ару, зікір салу. Ақан сері «Ләйлім-шырақ» деп сәулеге теңейтін арманға арзу. Құлагер кезіккен соң Ақан серіні дәруіш болмады деп кім таласар. Дәруіштік қарғыс емес, бата десек ше... Руми поэмасында Ләйлі-Мәжнүн образы эпикалық, хиссалық емес, притчалық, эпизодтық түрде берілген. Низами 1209 жылы дүние салды. Ол 12 ғ. өмір сүрді. Низамидің ірі зерттеушісі А.Бертельс былай дейді: «Ибн-аль-Араби (Испанияда өмір сүрген) 13 ғ. басында былай деп үйретті: «Көркем әйелден Құдай бейнесін тану хақ» («Видение бога в прекрасной женщине – самое совершенное»). Осы уақытта (11-12 ғғ.) ескі исламға (7 ғ.) дейінгі арабтың Узра тайпасының махаббат культі мистикалық араб поэзиясында өріс алды. Низамидің «Ләйлі мен Мәжнүні» арабтың Узра тайпасының махаббаттың күл қылып өртеп жіберетін күші туралы аңызының жетіліп дамуы болып табылады». Шығыс шайырларында жер бетіндегі махаббаттан космостық құбылыстың өзегін көру зор, соның таңғажайып әсерінен екі ғашықтың сұлу бейнелері өшпестей із қалдырды. Ләйлі-Мәжнүнде астральдық әлемнің белгілері бар. Мысалы, Рудакидың (860 маңы – 941) көруінде. Оның газелдерінде Ләйлінің бұрымын көргенде Мәжнүн есін жоғалтты деп жырлайды. Бұл Рудакиде анық қосарлы. Ол гүл жүзінен Ләйліні, бұлттың жауған тамшыларынан Мәжнүннің көз жасын көреді. Жаңбырдан гүл өседі. Жазғытұры қызғалдақ Ләйлінің шырайындай құлпырар, толассыз жауған шоқ бұлт Мәжнүнше егіледі. Мәжнүн құдайға деген шынайы, сөнбес таза махаббат ишарасы, Ләйлі – Жарға сүйіспеншілігінің арқасында бұл қасиетке ие болды. «Ләйлә, илло-алло»... деп тұр екен, – деп жырлайды біздің Жұматай дей келе: «Суфизм адами қасиеттерді Жасаған Ие Жарға деген махаббат арқылы қорғайды. Бұл адам баласын өсіреді, оны
қорлатпайды. Құдайға ғашықтық осы тұрғыдан асқақ. Шәкәрім «Жарға ғашықпын» дегенде, Алланың нұрына шөлдеген толық адам, кемел суфийдың жан сарайын айтады. Соның үшін Мәжнүн пайғамбар әрі ақын. Ләйлісі – Жар, Алла Тағала ишарасы, суфийдің асығы. Пайғамбар асық, ақындығы махаббатында түюлі. Бірақ бұл тым құпиялы сүйініш, тылсым сезім. Оның олай болмағын Ләйлі образынан емес Мәжнүннен көреміз. Ләйлі неге көрікті? Асылында, Мәжнүн көркем» дейді. Сыншының бұл сөзі рас. Себебі өзі бекзат ғұмыр кешкен ақынның дегдар жырлар тудыруы тегін емес. Сондай-ақ бұл сөзімізді сыншы: «Жұматайдың «Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана» деп жырлауы рационалды жадтан гөрі иррациональды мағынаға дөп. Эстетикалық категорияда биік ұғымдар табиғаттың адамға беретін әсеріндей буырқандырады, әлемнің ұлылығын ашады. Адам жаны биікшіл, әулиелер дұға қылу үшін иен түзді таңдайды, себебі ол кеңдіктің һәм азаттықтың көрінісі. Әрі әзәзілдікке бейім, бағынғыш адам табиғатымен күресу шөлде қиын, оны жеңу нағыз әулиелік құпиясы», – деп нақтылай түседі.
Есенғали Раушановтың «Өлеңнің Кенежирені» атты жазбасында: «Біз Жұматайдың өлеңге әкелген үш жаңа дүниесіне тоқталар едік. Оның біріншісі – жоғарыда айтқан табиғат көріністері болса, екіншісі – Ләйлә сұлу, үшіншісі – Кенежирен аттың бейнесі. Ләйлә сұлуды жырлау, шынын айтсақ, жаңалық емес еді. Сұлу қызға ғашық болу – сонау көне заман поэзиясынан бастап бүгінге дейін бар тақырып. Бұдан шығады – гәп тақырыпта емес екен. Ақынды тақырып құтқарады деу – бекер сөз. Дұрысы, тақырыпты ақын алып шығатын болса керек. Әйтпесе, ғасырлар бойы жырланып келе жатқан Ләйлә неге Жұматай жырлағанда қайта жасарып, жайнап шыға келеді. Бәлкім, ол ақынның қиялындағы қыз шығар, бәлкім Жоңғар Алатауының «қара алмас көзді, бал ерін» аруларының бірі болар – әңгіме онда емес, әңгіме қазақ поэзиясына осындай бір жаңа бейненің келуінде. Әр ақынның өз Ләйләсі бар», – дейді. Ал ақын Есенқұл Жақыпбеков Жұматай Жақыпбаев хақында былай дейді: «Өлең үшін ғана өмір сүріп, өлең үшін өліп кеткен бір ақынды көзім көрді. Ол – Жұматай Жақыпбаев! Ғашық жүрегінің ғазалдарын ғана жазып өтті Жұма-ағаң. Басқа нәрсеге бас ауыртқан жоқ. Және там-тұмдап, дәмдеп қана жазды. Дәндеп жазған жоқ. Өзін-өзі көрсетуге асыққан жоқ. Сонымен өзін-өзі сыйлата білді. Ал қазіргілер өзін-өзі сыйлату үшін түрлі пендешілікке барып жүр». Иә, осындай тау суындай мөлдір жырлар тудыру үшін де пендегшіліктен ада аспани жүрек керек.
Жыр қағаны Жұматай
Есенқұл Жақыпбектің «Сөнген жұлдыздың жарығы» атты жазбасында ақын құрған қағанат жайлы былай әңгімелейді: «Жұматайды жастар көп үйірсектеді. Тобымыз күннен күнге көбейе берді. Артынан барып азая бастады. Яғни, аяғында нағыз таланттар ғана қалды. Содан кейін: «Мен сендердің қағандарың болайын, сендер менің сарбаз, нояндарым болыңдар», – деді. Сөйтіп, ол кісінің нояны болдық. Жұматайдың айтқаны – заң. Біздің Шыңғыс ханымыз. Жазушылар одағына барамыз, ешкімге көңіліміз толмайды. Есік алдына шығып жетім баладай үйіріліп тұрамыз. Жұмағаңның төбесі көріне бастағанда шулаймыз кеп. Жұмағаң Одаққа кірмейді, «ал жүріңдер» деп ертіп алып кетеді. Содан өлең-жыр оқу басталады. Жұматайдай әзілкешті көрген жоқпын. Жұматаймен жүрген әр күнің – 1 мамыр, әр күнің – Жаңа жыл. Несіпбек Айтовтың бір күні «Жұматай, нояның түгілі қояның болайын, қастарыңда жүрейінші» деп жалынғаны бар».
Иә, ақын достары, інілері естеліктерінде жиі еске алатын «Қағанат» ұйымы ақынның әрі тарихи санасының, әрі ел болашағын ойлаған азаматтық үлкен жүрегінің жемісі болатын. Бұл ұйымның құрылуы жөнінде Қ.Әлімбек былай дейді: «Ол басымыз қосыла қалса өзі өлең оқып, біздерге оқытып әрқайсымыздың болашағымыздан үлкен үміт күтетін. Осындай отырыстың бірінде Жұмағаң тарихтан біраз термелей келіп, «неомонғол империясын» құрғандығын, оған осы бәріміздің мүше, яғни бір-бір ноян болғанымызды айтты. Біз бұл қалжыңды қуана қабылдадық. Нояндықтың мақсаты жақсы жыр жазу ғана емес, осы әдеби қағанатқа жаңа мүшелер тарту да еді. Сөйтіп, бұл қағанат жыл сайын жаңа нояндармен қолға түсті. Алғашқы нояндар «саид» дәрежесіне көтерілді. Далай Қаған, яғни Ұлы Қаған Жұматай ағамыз әзілдеп былай деуші еді: «Біз жаңа монѓолдармыз! Мына қазақтарға жыр жазуды үйрету үшін тудық. Басты мақсат – өлеңдерімізбен күллі әлемді «жаулап алу». Біз бұған кәдімгідей болып қалатынбыз. Қағанатымызға мүше еместер қасымызға келсе: «О, қазақтар келді!» деп қалжыңдайтын», – дейді. Ақын өз өлеңінде: «Жаулаушы» деп те бұл маған, Тақпасын айып бір дұшпан. Есугей емес, үлгі алам Айтматұлы Шыңғыстан» деп жырлауы да әлемді уысында ұстаған қаһарлы қағанның жырдағы бейнесіндей еді. Мейірхан Ақдәулет пен Әбубәкір Қайран қағанның илхамы (орынбасары) атанып, марқұм Жақыпбектің Есенқұлы, қазіргі таңда облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мен қыздардың ішінде топ жарып, осы қатардан орын алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбай бар қағанатта аңызға бергісіз жыр-дәуреннің өткені анық. Ақын Әбубәкір Қайран: «Ол кісінің қағанатқа қабылдауы қиын еді. Алдымен өлеңін оқытатын. Сосын оны жақсы, жаман деп бөлмей, ұнаса бірден қабылдап, тіпті лауазымына дейін сол жерде айтып беретін. Ұнамаса, әлі де шыңдалу керек, келесіде тағы келерсің деп жіберетін», – деп еске алады.
«Қағанаттың» құрылуы халтураларға қарсы күрестен, «Ақын өлтіру ойыны» жүріп тұрған қоғамда ақын көрген тепірештен туған құбылыс деуге болар. Ол пенділік араласпаған Поэзия патшалығын құруды мақсұт қылды. Еркіндікті аңсады. «Еліне даусын жеткізбей, Аузы мен мұрнын тығындап. Сыртынан сұмдар сыбырлап, Ойнайды келіп той ұлы, Ақын өлтіру ойыны, – деп жырлады ол (Ақын өлтіру ойыны).
Қағанат құрамындағы ақындар жоспарлы түрде кездесіп тұрған. Бұл басқосуда жаңа өлеңдер оқылып, талқыға түсетін сын-пікірлер айтылатын, дейді білетіндер. Ең бастысы, сол шыңдалу мектебінен өткен қаламгерлер қазір қазақ поэзиясының ең белді өкілдеріне айналды. Өкініштісі, аты аңызға айналған бұл жыр қағанаты Жұматай ақын дүниеден озған соң, тарқап кетті. Бұл жөнінде ақын Гүлнәр Салықбай өлеңмен өріп былайша жырлайды:
«Қаңтарылды Ай,
Қалды жұтап жер мүлде,
Қаңырадық, қаралы әуен жамылып.
Жерден көкке жұлдыз ұшты,
Көрдің бе?
Бақа біткен аузын ашты аңырып.
Жоқтайды әлі Жердің беті «Өлі» де,
Оның сәби сезіміне ашығып.
Ақын қайтты Аспандағы еліне,
Асықпайтын жүрісімен асығып.
Бақыт жайлы басталмай ән шынайы.
Бақшалардың басылмай тұр солығы.
Жылылықтың, сұлулықтың құдайы
– енді ешқашан толмайтұғын орыны.
...Қала. Қара. Көмір жолдар өкпелі,
Мұң шақпайсың ешбір жанға ұғар деп.
Жұлдыздарға қарай берем көктегі,
Жұмағамның жолдастары шығар деп...
Ғарыш жақтан бұйырмады маған дәм,
«Қағанатың» қалды қирап төменде.
Сіздей ақын тумайды енді адамнан,
Сіздей Аға болмайды енді өлеңде...
Алматыда «нояндарың» адасып,
Ал адамдар арман қуып жүр әлі.
Бір құдірет қолын бұлғап, жаны ашып,
Сізге қарай тартады да тұрады.
Жоғарыдан жымиясыз – Жайлы өңді...
Ләйлә өмірді, жирен атты сүйесіз.
Сіз бен біздей жақсы аға-іні қайда енді,
Ақындардың патшалығы – иесіз».
Ақын жайлы естеліктер
Жастарды әрдайым қамқорлығына алып жүретін Тұманбай Молдағалиев: «Жұматай! Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!» – десе, мұңайғанда маңдайынан сипай білген Олжас Сүлейменов: «Жуматай – истинный и даже редкий поэт!» – деп үлкен баға берген. Өзара сырлас, көп ретте тағдырлас та болған Асқар Сүлейменов: «Оның өлеңдері – табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді», – деп таңданысын жасыра алмаған. Ал Мейірхан Ақдәулетов: «Жұматай ақын ғана емес, қазақ тіліндегі өлеңнің табиғат пен уақыт бірлесіп сомдаған сұлу айшығы, бұрын-соңды болмаған нұрлы құбылысы. «Қайда-ағыны...» деуші табылар. Мейлі... Бірақ бұл – мойындамасқа болмайтын ақиқат. Оған куә – Жұматай қалдырған аумағымен емес, салмағымен өлшенер өшпес мұра. Беріден айтсақ, бізде ірі ақындар көп, ал Мұқағали, Төлеген, Жұмекендер сияқты құбылыстар сирек. Осы үшеуі бір-біріне мүлде ұқсамайды да, бір-бірін көлегейлемейді де. Себебі неде? Әрқайсысының Өлең дейтін құдіреттің жаңа құпиясы, бұрын болып көрмеген болмысы, тың үні мен нұрлы жанары болып көріне білуінде», – дей келе: «Жұматай – ежелден келе жатқан қазақ поэзиясының әр дарын, әрбір құдірет иесі арқылы жаңа бір мінез ашып, жеке бір жұлдыз болып көрінер құдіретті болмысын, патшадан жоғары, пайғамбармен дәрежелес Сөз өнерінің ақсүйегі – Өлеңнің киелі жаратылысын өмірмен, өлеңімен тағы бір дәлелдеп кеткен Ақын», – дейді.
Әбубәкір Қайран болса «ОЛ – БІР ҚҰШАҚ МУЗЫКА...» атты жазбасында: «Жұматай поэзиясы – құдіреті құпия дүние. Сондықтан болар, оның өлеңдерінің жұмбақ сырын жұртқа жеткізіп бере алатын сыншы қазақта әлі бола қойған жоқ. Бұл сөзім кейбіреуге келіссіз көрінсе де, көзім көрмеген соң көңілім сенбейтіні – ақиқат. Әрине, бұған осы күнге дейін сындарлы сынымыздың жоқтығы да, сыншыларымыздың өлең дүниесіне тереңдеп бара алмай, бетінен қалқып кететіні де себепкер» деп толғайды. Ақын Исраил Сапарбай: «Өз басым Жұматай Жақыпбаевты біздегі бекзаттық поэзияның бірден-бір өкілі дер едім. Ал бекзаттық поэзияға алдымен – сыршылдық, сырбаздық, сұлулық тән. Осы үш бірдей микроәлемді өнбойына өзек еткен өлең дүниесі қай кезде де қазынаңа да, базынаңа да жарап жатыр. Сұлулыққа іңкәр ақын сұлу-сұлу сөз теріп, мамыр мақам, мың бояу, күндіз күмбір, түнде ояу, көрмеске – ғайып, көргішке – ғажайып дүниені алдыңызға тартады емес пе?!» – десе Серік Ақсұңқарұлы «АНТИ-ПОЭЗИЯ» атты толғауында: «Махамбеттің өлімінен кейін ақын атаулыны аруақтай сыйлаған, аталы сөзге тоқтаған қазақ топырағында «ақын өлтіру ойыны» (Жұматай Жақыпбаев) басталып кетті. Баспадан бір кітабы шықпай жатып, бірнеше дәлдүріштің зәре-құтын алуға болатынын біздің ұлттық әдебиетімізде алғаш рет осы Жұматай дәлелдеп кетті. Ұлы Түрік Қағанатының ежелгі бір бұтағы қазақ халқының бойындағы бүгінгі көзі тірі ұрпағы көз жазып қалған ұлылық мен сұлулықты тап басып тану үшін Жұматайды оқу керек. Түркі дүниесінің кереметі мен кемелін Жұматайға дейін ұлы Мағжан ғана тереңнен толғаған еді», – дейді.
Наурызбек САРША
Aikyn.kz