Салық мөлшері кәсіпкерлік субъектілерге зиян келтірмейтін мөлшерде болуға тиіс – Елнұр Бейсенбаев
- авторОймақ
- Бүгін, 14:22
- 46
Бүгінде Үкіметтің салық саясатына байланысты қосымша құн салығын көтеру ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты "AMANAT" партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрге сауал жолдады.
Депутат бұл туралы Мәжілістің кезекті жалпы отырысында айтты.
– Оған себеп – Үкіметтің бюджет тапшылығын толтырудың жолы ретінде ҚҚС-ті бірден 20 пайызға дейін көтеруді ұсынуында. Аталған межені кім анықтады, жүйелі есеп-қисабын кім жүргізді? Оны ресми түрде Мәжіліске қарауға қашан бересіздер, – деген сұрақтар туындайды.
Үкімет ҚҚС көлемін бірден көбейтіп, оны төлеу шегін төмендетуді ұсынып отыр.
Бұл ретте ҚҚС есепке жатпайтын айналым салығына айналуы мүмкін, ал барлық сома тауардың өзіндік құнына қосылып, түпкілікті тұтынушы үшін қосымша қаржылық ауыртпалыққа айналады.
Экономиканы дамыту бүгінгі күннің ең маңызды міндеті екенін және Үкімет жұмысы ел экономикасын дамытуға, шетел инвестицияларын тартуға жағдай жасауға, экономиканың өсуіне байланысты салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік беретін кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауға ерекше бағытталуы тиіс екені бәрімізге мәлім, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты осы мәселеге қатысты бірнеше ұсыныс білдірді:
Біріншіден, бюджеттің шығысы мен кірісін барынша теңестіру және барлық тиімсіз шығындарды оңтайландыру қажет.
Екіншіден, әртүрлі бағалаулар бойынша экономикамыздың үштен біріне жуығын құрайтын көлеңкелі экономика көрсеткішін азайту үшін көлеңкелі кәсіпкерлік субъектілерін салық төлеушілер қатарына біртіндеп енгізу бойынша жұмыс істеуіміз қажет.
Сондай-ақ экономиканың нақты секторын қолдау тәсілдерін қайта қарау қажет.
Мемлекет қаражатты нақты жұмыс орындарын қамтамасыз ететін және қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарға ғана салуы керек.
Депутат Үкіметтің ҚҚС мөлшерін көтеру туралы бастамасына да жеке тоқталып өтті.
– Алдымен Үкімет басқа да тәсілдер мен ұсыныстарды зерделей отырып, бұл мәселені кешенді түрде қарауы қажет деп есептейміз.
Екіншіден, талқыланып жатқан жаңа Салық кодексінің жобасында жеңілдіктер қарастырылған, олардың тиімділігі ел бюджетіндегі қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып қаралуы тиіс.
Үшіншіден, халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілері үшін бөлшек салық режимінің сақталуын ескере отырып, шекті деңгей одан әрі талқылауды қажет етеді деп есептейміз.
Төртінші, салық әкімшілігін жетілдіру және салық төлеуден жалтарумен күресті күшейту қажет. Мұның бәрі бюджетті толықтыруға мультипликативті әсер етеді.
Яғни, салық мөлшері Үкімет ойлағандай бюджетті толтыру үшін қажетті сомада емес, кәсіпкерлік субъектілерге зиян келтірмейтін мөлшерде болуы тиіс.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкіметтің салық мөлшерлемесін арттыру жөніндегі бастамаларын Парламент Мәжілісіне енгізу кезінде біздің ұсыныстарымыз бен көзқарастарымызды ескеруіңізді сұраймыз, – деді Бейсенбаев.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.