сәрсенбі, 5 ақпан, 2025 13:13

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Кеңсай зираты маңынан табылған мұғалімнің өліміне қатысты деректер айтылды

Кеңсай зираты маңынан табылған мұғалімнің өліміне қатысты деректер айтылды
Ктк
Полиция 19 жастағы күдіктіні қолға түсірген

Екі айдан аса іздестірілген 26 жастағы қыздың мәйіті Алматыдағы Кеңсай зираты маңынан табылды. Марқұм Айша Хамитті өзі жақын араласып келген жігіті пәтерде қылқындырып, қылмысын жасыру үшін денесін айдалаға апарып тастаған. Қазір полицейлер 19 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Қаскөй кінәсін толық мойындаған, тіпті қызды мәжбүрлеп несие алғызғанын да растапты. КТК тілшісі марқұмның жерлеу рәсіміне барып, туыстарымен тілдесіп қайтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

26 жастағы Айша Хамиттің қазасы бүкіл Қырбалтабай ауылы тұрғындарының қабырғасын қайыстырды. Дүйім жұрт таң атысымен марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға жиналды. Айша Хамит былтыр қарашада үйінен туған күн кешіне барамын деп шығып, сол күйі оралмаған. Десе де, оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырыпты.

 Әсия Хамит, марқұмның әпкесі: 

— 19 жастағы бала екен. Есімі Нұрмахан деген қанішер. Кредит алдыртқан ол, кредиттің сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. Қайтармаймын дегеннен кейін, Айша айтқан: «ата-анама айтамын, полицияға арызданамын». Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген.  

Қара жамылғандардың айтуынша, күдікті жігіт марқұмды алдымен пәтерде буындырып өлтірген. Кейін денесін полиэтиленге орап сөмкеге салған. Сөйтіп мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты төңірегіндегі саяжайға тиесілі жерге, қарға көміп кетіпті. Айша Хамит күдіктімен жазда танысып, содан бері телефон арқылы сөйлесіп жүрген. Онымен ТикТок желісінде емші іздеп отырып танысыпты. Марқұм қыз сырқат әпкесін «осы кісіге көрсетемін» деп, оның көмекшісімен, яғни күдіктімен танысқан. 

Табиғат Әлібек, марқұмның нағашысы:

— Ауру әпкесін емдеймін деп, ТикТоктан алаяққа кезігіп қалады. Сонымен барған кезде, жаңағы балдызы екен, көмекшісі боп жүрген, сөйтіп танысып қалады. Кеше біз сүйекті алып шыққан кезде, төрт жігіт әрең көтердік. Ең кемі, қыздың салмағы 60 келі. Ал анау, 19 жастағы жігіт ол 60 келі денені жалғыз өзі көтеріп жүре алмайды. 

26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы болған. Аудандық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті. 

Мүлік Фатигүлқызы, марқұмның жеңгесі: 

— Бұрын-соңды ештеңкеге тіркелмеген. Ешқандай жаман жүрісі жоқ. Орамалда, аузында иманды бар, бетінде ұяты бар мықты қыз. Бұл кісілер кішкене мал ұстайды. Малға қарайды. Тіпті сыртқа қонып қалатын әдеті жоқ. 

Қазір полиция 19 жастағы күдіктіні қолға түсірген. Қаскөй қолмен жасаған қылмысын толығымен мойындапты. 

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі: 

— Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр. Ал марқұмның денесінде зорлық белгілері болған-болмағанын енді сот-медициналық сараптасы анықтамақ. 

Қара жамылған отбасы қылмыс жасаған сыбайластары да табылып, қаскөйлер лайық жазасын алар деген үмітпен отыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар