«KazSat-3R» спутнигін құруға 87,2 млрд теңге қажет
«KazSat-3R» спутнигін құруға болжаммен 87,2 млрд теңге қажет. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
- «KazSat-3» спутнигін ауыстыру үшін ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру» (бұдан әрі – «KazSat-3R» жобасы) бойынша жобалау алдындағы жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Түрлі еуропалық және азиялық ғарыш техникасын өндіруші компаниялардың техникалық-коммерциялық ұсыныстары қаралды. Қарастырылған ұсыныстарды талдау негізінде қазіргі уақытта экономикалық сараптамадан өтіп жатқан инвестициялық ұсыныс жасалды, - деді Олжас Бектенов жауабында.
Үкімет басшысының мәліметінше, спутникті құрудың болжамды құны 87,2 млрд теңге. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен - 40,3 млрд теңге, «РҒБО» АҚ меншікті қаражаты есебінен - 46,9 млрд теңге.
- Бұл сома спутниктік байланыс арналары мен теле-радио хабарларын тарату қажеттілігін ескере отырып, жобаның инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тиімділігі үшін жеткілікті. Экономикалық сараптамадан өту қорытындысы бойынша бас мердігер өндірушіні таңдау заңнамаға сәйкес және ең үздік техникалық шешімдер мен экономикалық орындылықты ескере отырып, конкурс негізінде жүргізілетін болады, - деді ол.
Айта кетейік, 2014 жылдың 28 сәуірінде Байқоңыр ғарыш айлағынан «KazSat-3» қазақстандық байланыс және хабар тарату спутнигі ұшырылған еді. 2016 жылдың 1 наурызында «OTAU TV» ұлттық спутниктік телевидение абоненттерін осы бортқа ауыстырылғаны және сынақтың аяқталғаны жарияланды. 2017 жылы еліміздің барлық телехабары «KazSat» ұлттық байланыс және хабар тарату спутниктеріне толықтай көшірілді.