дүйсенбі, 3 ақпан, 2025 22:53

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Шыңғыс ЖАҚЫПБАЙ, режиссер: Шығармадан ерекшелікті іздемеймін

Шыңғыс ЖАҚЫПБАЙ, режиссер: Шығармадан ерекшелікті іздемеймін
Фото: Театрдың ресми парақшасынан
Жастар театрында жаңа премьера қойылды. Театрал көрерменге ұсынылған «Ақ кеме» спектаклі туралы қойылым режиссері Шыңғыс Жақыпбай Oimaqnews.kz тілшісіне берген сұхбатында толығырақ айтып берді.

– Әуелі неге Ш. Айматовтың «Ақ кемесін» таңдағаныңызды айтып беріңізші.

– Бұл – театрдағы екінші қойылымым. Мұның алдында «Шырақты» қойдым. Академияда бірінші курс оқып жүргеннен бастап, шыңғыс Айтматовтың шығармаларымен жақыннан таныс болдым. Автордың туындыларының ішінде бірінші «Ақ кемені» оқыдым. Сол кезде-ақ ерекше әсер етіп, біраз толқытты. Театрымызда «Шырақты» қойғаннан кейін бірден «Ақ кемені» сахналауды жоспарладым. Сөйтіп кітапты тағы қайталап оқи бердім. Әр оқығанымда повесті жаңа қырынан танитын болдым.

– Көп режиссер қоғамда өршіп тұрған тақырыпты көтергісі келеді. Өзіңіз туынды таңдаған кезде ойыңызға бірінші не оралады? «Ақ кеменің» шығармашылығыңыздағы маңызы қандай?

– Әр шығарманың арқалаған проблемасы бар. Комедияның өзінде астарлы ақиқат бар. «Ақ кеменің» де көрермен алдындағы жауапкершілігі сондай. Баланың арманы мен тазалығы арқылы біздің қоғамда болған, әлі болып жатқан мәселені көрсетеді. Тұрмыстағы күйбең тіршілік, ешкім іздемейтін тасада қалған, өз қазанында қайнап жатқан адамдардың өмірі шығарманың негізгі желісі. Оларды әр кейіпкер монолог айтып көрерменге жеткізеді, ал сахнада іштен шыққан сөзін бірін-бірі естімейді. Байқасаңыз, осындай ешкімнің назарын аудармайтын ауылдар бар.

– Осы шығарманы екі жыл бұрын Ғ. Мүсірепов атындағы театрда Дина Жұмабай қойып еді. Енді сіздің қолтаңбаңыз көрінген спектакль несімен ерекшеленеді?

– Шыны керек, мен ерекшелікті іздемеймін. «Ойымда қандай сурет шығады екен?» деген түсінікпен қоямын. Жаңашылдық әкелуге тырыспаймын. Сенсеңіз, қазір көрерменді таңғалдыру өте қиын. Қазіргі технология дамыған кезде бәрін көрдік. Көрермен сапалы театр мен мюзиклдарды онлайн форматта көре алатын деңгейге қол жеткізді. Театр – киелі өнер. Бұл қиын өмір. Сондықтан заман қанша дамыса да, болашақта көрермен бәрібір тазалықты, таза спектакльді аңсайды.

– Қойылым біткеннен кейін бәріміздің көзімізге жас келді. Өзіңіз көрерменнен қандай реакция күткен едіңіз? Сахнаға дейінгі мақсатыңыз орындалды ма?

– Режиссер қойылым басталғанан біткенге дейінгі барлық жағдайға алаңдаумен жүреді. Актерлердің ойынынан бөлек, сахнаның жарық қойылуы, декорацияның орналасуы режиссер атқаратын міндет болмаса да, назар аударуды талап етеді. Осындай әрекеттермен жүремін деп спектакльдің қалай шыққанын толық көре алмадым. Бірақ көрермен реакциясына қарап сапалы дүние шыққанын байқадық. Кейде образына кіріп кеткен актерлерге қарап, сахна сыртында жүріп, менің де көзіме жас келетін сәт болады. Әсіресе, үшінші премьерада ерекше әсерге бөлендім. Өз-өзіме баға бере алмаймын. Баға беретін көрермен. Егер көрермен талғамындағы, сұранысындағы дүниелерді шығарып бере алмаған режиссер – режиссер емес.

– Негізі бұл спектакльге қанша құрам дайындалды? Актерлерді қалай таңдадыңыз?

– Басқа режиссерлерде қалай екенін білмеймін, өзім пьеса таңдаған кезде актерлердің образы бірден көз алдыма келеді. Кейіпкерлердің образын қандай актер ойнай алатынын да бірден ажыратып аламын. «Ақ кемені» оқыған кезде де тура осы жағдай болып, актерлерді оңай таңдап алдым. Кейде таңдалған актерлердің рөлін ауыстыру керек болып жатады. Өйткені алдымен кейіпкердің жан дүниесіне еніп, соған ұқсас актерді табу керек. Режиссердің міндеті де осы ғой. Тіпті,кейде қандай образ болса да, соған бейімдей беру керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, ол актер, өзіне берілген кез келген рөлді жоғары деңгейде орындап шығу керек. Сөйтіп, «Ақ кемеледегі» басты кейіпкердің бірі шалдың рөліне Елдос Шәйкеновті таңдадым. Спектакль екі құрам бойынша дайындалған. Біріншісін Асылбек Әйтіш ойнаса, екіншісін қыз бала Әйгерім ойнайды. Әйгерім баланың рөлін қалай ойнайтынын көргім келді.

– Билет сатылымға шығысымен, аншлагпен сатылып кетті. Мұны немен байланыстырар едіңіз? Шығарма авторының есімімен бе, әлде Жастар театр ұжымының жинаған аудиториясының қолдауымен бе?

– Шығарманың өзі көпке мәлім. Шыңғыс Айтматовтың есімі Қырғызстан мен Қазақстанда ғана белгілі емес қой. Талай шығармасы шет тілдерге аударылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі театрлар туындысын негізге ала отырып қойылымдар қойды. Қысқасы, өнерде жүрген майталмандар бұл тұлғаны танымауы мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан «Ақ кеме» пермьераға жол тартпай тұрып-ақ билеттердің аншлагпен сатылуы, біріншіден, автордың есімімен тікелей байланысты. Екіншіден, Жастар театры – бүгінде өз көрерменін тапқан, жеке қолтаңбасы қалыптасқан театр. Шетелде біраз қойылымдарымен танылған. Түркияда, Қырғызстанда, Кореяда, Ашхабадта, Уфада біздің театр ұжымын күтетін аудитория бар. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Үшіншіден, біздің ұжымда актер ретінде есімі қалыптасып, көпке танылған актерлер бар. Мысалы Елдос Шәйкеновтің, Асылбек Әйтіштің рөлдерін сүйіп көретін көрермен бар. Залды лық толтырып отырған осы көрермен ғой.

– Театр мазмұнды көркемдеп жеткізетін өнер түрі ғой. Туынды сахна үлгісіне сай жасалғаннан кейін кішкене өзгертулер болды ма, әлде дәл кітап желісімен орындалды ма?

– Иә, өзгертулер болды. Жаңа айтқанымдай көп сахна қосып, баланың арманын кеңейтіп көрсеткіміз келді. Яғни, көрермен біздің спектакльді осындай нюанстар арқылы таныса екен, «Ақ кеме» бейнелі, түсінікті болып жетсе екен деген ойды негізге алдық. Гүлжамал мен баланың сахнасы мүлде жоқ еді десек болады. Бірақ біз Гүлжамалды да белгілі кейіпкер етіп көрсетіп, ойынға көбірек қостық. Өрбіген оқиға кейіпкерлерінің ішіндегі ең жасы, бала көңіл, Сейдахметтің жары осы – Гүлжамал. Ол баланың ең жақын адамы болады. Басқаларға қарағанда баланы аяйтын, жақсы көретін, бірге ойнайтын осы кейіпкер болған соң, шығарма мазмұнын ашу үшін осындай сахнаны көбірек қосуымыз керек болды. Егер шығарманың өзін оқыған көрермен болса, түсінеді. Үлкендерден аяқ тартып, қорқып бұғып жүретін Гүлжамал жасырынып келіп баламен ойнауға асығады. Бұл – бір. Екінші Сейдахметтің де сахнасы аз. Ол баламен кездеспейтін еді, бірақ біз оны сахнаға тартып, кітапта айтылған сөздерді, өзіміз жанымыздан кей сөздерді қосып, толықтырдық десек те болады.

Әңгімеңізге рақмет! Шығрмашылық табыс тілейміз!

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар