Әлеумет

Қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарағанда қазақстандықтар 2023 жылдың IV тоқсанында жан басына шаққанда орташа айлық табысының 51,3 %-ін азық-түлік алуға жұмсаған. Зерттеуде ел тұрғындарының тоқсандағы орташа ақшалай шығыстары 277 мың 202 теңге деп көрсетілген.

Бюро ұсынған  деректерге қарағанда қазақстандықтар  былтырғы төртінші тоқсанда  тұтыну мақсатында жан басына шаққанда орташа 256 мың 687 теңге шығын  шығарған. Соның  ішінде  азық-түлік алу үшін 142 мың 169 теңге жұмсап отырған. Азық-түлік емес тауарларға  жұмсалған шығындар 66 мың 268 теңге болса,  ақылы қызметтерге  бір тоқсанда 48 мың 250 теңге  жұмсаған. Сөйте тұра туыстары мен таныстарға, өзгелерге материалдық көмек ретінде  қазақстандықтар  жан басына шаққанда орташа есеппен 5362 теңге жұмсап отырған. Салықтардың  көлемі 334 теңге. Несиелер мен қарызды өтеуге 14 819 теңге жұмсалған.

Ақпаратта ақшалай шығысы ең көп өңір ретінде Астана қаласы аталған. Астаналықтардың  ақшалай шығысы жан басына шаққанда  366 мың 345 теңге болса,  соның 167 мың 537 теңгесін азық-түлік алуға жұмсайды екен.  Одан кейінгі орынды Қарағанды иеленіп тұр. Қарағандылықтардың  ақшалай шығысы былтырғы  төртінші тоқсанда орташа есеппен жан абсына шаққанда 356 мың 274 теңге болған. Соның ішінде азық-түлікке 144 мың 900 теңге жұмсалған. Бірақ бұл жерде қарағандылықтардың  тұтыну шығыстары алматылықтарға қарағанда аз. Алмалытықтардың ақшалай шығысы 359 мың теңгеден асса, соның ішінде тұтыну шығысы 354 мың 558 теңде деп көрсетілген. Ал азық-түлікке алматылықтар 196 мың 871 теңге жұмсапты.  Қарағандылықтардың  тұтыну шығысы орташа есеппен 304 мың 944 теңге болса,  азық-түлікке кететін ақшалай шығыс 144 мың 900 теңге.

Жалпы аталған статистикада  біршама қызықты мәліметтер бар. Атап айтқанда СҚО тұрғындарының  ақшалай шығыстары  біршама аймақтардан,  соның ішінде Атырау облысындағы көрсеткіштен жоғары.  СҚО да былтыр төртінші  тоқсанда тұрғындардың ақшалай шығыстары орташа есеппен жан абсына шаққанда 336 мың 975 теңге болса, Атырауда  234 мың теңге еді. Соның ішінде теріскейліктер тұтыну мақсатында 302 мың теңге жұмсаса, атыраулықтар 208 мың теңге жұмсаған. Ал азық-түлікке СҚО тұрғындары 147 мың теңге бөлсе, атыраулықтар 125 мың арнайды екен.

Ең қызығы  ел бойынша қарағандылықтар былтырғы төртінші тоқсанда туыстары мен таныстарына материалдық көмек көрсету жағынан  алда болыпты. Қарағанды тұрғындары жан басына шаққанда  орташа есеппен материалдық көмекке 16 мың 774 теңге жұмсаған.  Одан кейінгі орында павлодарлықтар тұр. Олар  13 мың 315 теңгені материалдық көмекке арнапты.  Ал несие мен қарыз жөнінен  шығыны көп аймақ ретінде Ұлытау облысы танылған. 2023 жылдың төртінші тоқсанында  ұлытаулықтардың несие мен  қарызы жан басына шаққанда    орташа есеппен 46 мың 142 теңгені құраған. Қарызы аз тұрғындар шамасы Маңғыстауда  өмір сүретін болса керек. Былтырғы  төртінші тоқсанда маңғыстаулықтардың қарыз бен несиеге  жұмсаған ақшалай шығысы орташа есеппен жан басына шаққанда 358 теңге болыпты.