"Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық" – Ринат Зайытов
- авторОймақ
- 29 қаңтар, 2025
- 41
Соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Олжас Бектеновке жолдаған сауалында айтты.
Депутат қажетті инфрақұрылымның сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде азаматтар өз туған ауылынан үдере көшкенін атап өтті.
- Нақты сандармен айтсақ, соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика.
Бұл – жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық?
Иә, Үкіметтің «Ауыл – ел бесігі» және «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір-екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылын гүлдендіріп жібере алмайды, – деді депутат.
Күні кеше Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өзінің қорытынды сөзінде: «Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар» туралы атап өтті.
- Бүгінде ауыл тұрғындары өз күшімен қандай да бір іс бастайын десе кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфрақұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» дегенді бәріміз білетін шығармыз.
Алдағы уақытта Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?!
Жоқ, әлде бұл әрекеттердің арғы жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз?
Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой, – деді депутат өз сөзінде.
Осының бәрін айта келе Зайытов Премьер-Министрден мынадай шаралар қабылдауын сұрады:
Ауыл әкімдерінің пәрменін күшейтуді;
Бір ауылға бір техника, яғни ауылдарды техникамен қамтуды;
Бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеріп, Үкімет басшылығы және облыс әкімдері деңгейінде қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды;
Ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныстандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құру, оны ауылдық жастарға жеткізуді ұсынамыз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.