Қоғам

QYZPU Ұлыбритания университеттерімен ынтымақтастықты арттыруда

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Ұлыбританияның Сассекс университетінің арасында PGCE (Postgraduate Certificate Programme) және split PhD бағдарламаларын бастау жоспарлануда.

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бастаған делегация қаңтар айының 23-25 аралығында Ұлыбританияда өтіп жатқан халықаралық Bett UK конференциясына қатысуда. Халықаралық шарада еліміздің жоғары оқу орындарының арнайы павильоны орнатылды.

Bett UK шарасы аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай және Халықаралық бағдарламалар орталығының Президенті Әділ Құсманов Сассекс университетінің Вице-канцлері Саша Роснилмен кездесу өткізіп, екі университет арасындағы қос диплом бағдарламармын іске қосу мәселесін талқылады.

2023 жылы екі университет арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, қазіргі таңда бірнеше маңызды жоба іске асырылып жатыр.

«QyzPU мен Ұлыбритания Кеңесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған келісім аясында Филология институтынан  3 докторант және 5 оқытушы  Сассекс университетіндегі жазғы мектепке қатысып, тәжірибе алмасты. Айта кетерлік жайт, Сассекс университеті Ұлыбританияның үздік 50 жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Сонымен қатар «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» ғылыми тағылымдама жобасы аясында 2023 жылы Филология институтының 2 оқытушысы Сассекс университетінде тағылымдамадан сәтті өтті. Қазіргі уақытта 2 оқытушы осы университетте өз біліктіліктерін арттыруда. Ал Британдық Кеңеспен бірлескен меморандум негізінде Филология институтының студенттері Future English Online Teacher Community бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. 2023 жылы бұл бағдарламаға 25 студент, ал 2024 жылы 19 студент қатысып, халықаралық деңгейдегі сертификаттарға қол жеткізді. Бұл ынтымақтастық біздің оқытушылар мен студенттерімізге кәсіби дағдыларын дамытуға, халықаралық тәжірибе алуға және жаңа біліммен қарулануға мүмкіндік берді», – деді Филология институтының директоры Ашинова Кунипа Ахатовна.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Сассекс университеті арасындағы ынтымақтастық ғылым мен білім саласында жаңа белестерді бағындыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. 2023 жылы өткізілген 7 күндік семинар екі университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының және докторанттарының ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосты.

«2024 жылы біз шетелдік әріптестеріміздің зерттеу жобасына қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл іс-шара ғылыми жұмысымызды әрі қарай дамыту үшін зор мүмкіндік болды. Бұл таза кәсіби тәжірибе алмасу болды деп айтуға толық негіз бар. Семинарға қатысқан бірқатар оқытушы бір апта көлемінде өздерінің әріптестеріне курс ұйымдастырды. Сол бағыттағы оқу және тәжірибе алмасу мақсаттары жүзеге асып, оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосты», - деді магистр, QyzPU аға оқытушысы Сабит Ботакөз.

QyzPU Шетел тілін кәсіби оқыту кафедрасының аға оқытушысы Марита Снабекова 2024 жылдың 1 наурызынан бастап «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Ұлыбританияда Сассекс университетінің Білім беру және әлеуметтік жұмыстар мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Білім берудегі менеджмент бағытында тағылымдамаға кеткен ғалым Жоғары білім беру педагогикасындағы зерттеулер мен инновациялар тақырыбын зерттеуде.

«Жоғары оқу орындарындағы педагогика, зерттеу және көшбасшылыққа баса назар аударып, эксперименталды тәжірибелеріне, тәжірибелі мұғалімдердің тәлімгерлік көмегінен және білім беру саласындағы сарапшы зерттеушілердің тәжірибелерінен кәсіби біліктілігімді арттырып жатырмын. Тағылымдама аясында дәрістер, семинарлар, тәжірибелік сабақтарға қатысу арқылы білім беру саласындағы кәсіби білімімді арттырып қана қоймай, сонымен қатар шетелдік әріптестерімізден жоғары білім берудегі тәжірибелерін, студенттермен коммуникация орнату тәсілдерін, бағалау әдіс-тәсілдерін және жоғары оқу орындарында оқыту мен оқу сапасын арттыру мүмкіндігіне ие болдым. Мәдени іс-шараларға қатысу арқылы ағылшын мәдениетімен жақыннан таныстым. «500 ғалым» тағылымдамасы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атануыма және үздік шетелдік оқу орындарының бірі Сассекс Университетінде білім алуыма басты себепкер – екіжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бізге біліктілікті арттыру курсына қатысуға мүмкіндіктің берілуі деп білемін. Университетіміздің ректоры Гүлмира Әмірханқызы Қанайға осындай мүмкіндік үшін алғысымды білдіремін», – деді Марита Мурзабековна.

2023 жылдан бері екі университет Британдық кеңестің үш бірдей грантына ие болды: қос диплом бағдарламалармын дайындау мақсатында – 10 000 фунт стерлинг; өзара өкілеттіктер ашу мақсатында – 25 000 фунт стерлинг және Ағылшын тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында – 30 000 фунт стерлинг гранттық қолдау берілді.  Жақын арада екі университет арасында PGCE (Postgraduate Certificate Programme) және split PhD бағдарламармын бастау жоспарлануда.

Айта кетейік, Ұлыбританияның тағы бір жетекші оқу орындарының бірі – Ольстер университетінің «Visiting Scholar» бағдарламасы аясында университетімізге келген доктор Клэр Вудс Филология институтының оқытушыларымен бірлесе отырып, «Pre-service English language teacher education in Kazakhstan: exploring programme content, structure, assessment and standards» атты жобаны жүзеге асырмақ. Бұл жоба Қазақстандағы ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау бағдарламасының мазмұны, құрылымы, бағалау жүйесі мен стандарттарын зерттеуге бағытталған.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ұлыбритания университеттерімен орнатқан ынтымақтастығы еліміздің білім беру саласына жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және білім беру тәжірибелерін дамытуға мүмкіндік туғызды.