Еділ Жаңбыршин Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды ұсынды
- авторОймақ
- Бүгін, 18:08
- 24
Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды ұсынды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.
Депутат осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына ресми сауал жолдады.
"Кеше ғана әлемдік саясатта елеулі орын алып, бүкіл халықаралық қауымдастықты өзіне қаратқан АҚШ президентінің ресми ұлықтау рәсімі өтті. Осы күнге дейін әлемнің көптеген елдерінде адам құқығын қорғау, либералдық көзқарасты қалыптастыру мен азаматтық қоғам орнатуды көздеген Құрама штаттарда 47-Президент Дональд Трамп бұдан былай екі жынысты бекітті. Яғни АҚШ-та ер мен әйел жынысы заңмен шегеленді. Бұл – ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жынойнақ топтарға біз түгілі, енді АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз. Бұл жаңалық Батысты өздеріне қорғаушы санап жүрген қызтекелерге төбелерінен жай түскендей болғаны анық. Осы тұста барлық қызтекелерге "Дядя Дональдтан" жалынды сәлем!" – деді депутат.
Жаңбыршин осы тұста АҚШ Президентінің шешімі Мәжіліс депутаттарының ЛГБТ-ға қарсы ұстанымымен ұштасты дегенді атап өтті.
"Біз Мәжіліске келгелі бері ұлтымыздың болашағына балта шауып жүрген азғын жолмен күресіп келе жатырмыз. Мен білетін Үкіметке кемінде бірнеше нақты депутаттық сауал жолданды. Оған қоса, ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін арнайы заң нормаларын да әзірледік. Алайда, осы әрекеттерімізге кейбір шенеуніктер батыс елдері өкілдерінің "демократияны шектеп жатырсыңдар", "адам құқығын таптап жатырсыңдар" деген ұстанымдарын желеу қылып, қарсылық білдірді. Тіпті ЛГБТ өкілдері және олардың сыбайластары депутат әріптестеріме және олардың отбасыларына әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай ақпараттық шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ бұл күресте біз жалғыз қалған жоқпыз", – деді ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, E-petition.kz мемлекеттік платформасында жарияланған ЛГБТ насихатына қарсы петиция небәрі 2 аптада 50 мың қол жинаған.
"Бұл ұлттық болмысымызға жат, ЛГБТ ағымына халықтың ашық қарсы екендігін көрсетті. Ал Парламент бірінші кезекте халықтың мүддесін ескеріп, оны нақты заңнамамен іске асыруы тиіс. Олай болса, Үкімет тез арада келесі шараларды қолға алуы қажет. Бірінші, жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандыру керек. Екінші, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ЛГБТ-ны насихаттайтын заң нормаларын ұсынамыз. Оған Үкімет оң қорытындысын беруі тиіс. Үшінші, ЛГБТ-ны қолдап, Мәжіліс депутаттарына ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырған тұлғаларды тауып, жазалауы қажет", – деді Жаңбыршин.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.