Көлікті 5 минуттан артық қыздырса, қоршаған ортаға зиян келе ме: Экология министрі жауап берді
Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, сөндірілмей тұрған көлік экологияға зиян келтіреді
Көлікті 5 минуттан артық қыздырғаннан қоршаған ортаға көп зиян келе ме, әлде көлік кептелісінде мыңдаған көлік тұрғанынан көп зиян келе ме? Осы сұраққа Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.
Кейінгі кезде көлікті 5 минуттан артық қыздырмау туралы әңгіме әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Осыған орай министрден «кәсіпорындардан келген зиянды реттемей жатып, неге көліктермен алысып қалды» деген пікірге қатысты ойы сұралды.
Министр Ерлан Нысанбаев бұл ішкі істер министрлігінің тақырыбы екенін, ал өзі экологиялық тұрғыдан қолдайтынын айтты.
«Біз әрине, оны қолдаймыз. Бұл норма жалпы заңда бүгін пайда болған жоқ. 20 жылдан бері бар. Әрине, біз әр елдімекеннің экологиялық жағдайын түзеу мақсатында қолдаймыз. Бостан-бос қызып тұрған көлік, әрине, зиян келтіреді. Меніңше, бұл айыппұл салып, бюджетке түсімді көбейту мәселесі емес. Жалпы жан-жақты мәселені қарастырудамыз», – дейді Ерлан Нысанбаев.
Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, сөндірілмей тұрған көлік экологияға зиян келтіреді.
«Экологиялық жағынан қарағанда, сөндірілмей тұрған көлік экологияны ластайды. Сол себепті қос қолдап қолдаймыз. Айыппұл төлеу мәселесі біреуден шағым түсіп, ол дәлелденген жағдайда ғана төленеді. Бәрі реттелген. Сондықтан еш қорқыныш жоқ», – деді ол.