Руханият

Гүлшат Смағұлова: «Шатырдағы екеудің» кейіпкері шынайы өмірден алынды

Үндістанда өткен «Алтын арыстан» (GLIFF) халықаралық кинофестивалінде екі аталым бойынша жеңімпаз атанған «Шатырдағы екеу» фильмі туралы әлеметтік желі жарыса жазуда. «Шатырдағы екеу» – қазіргі қоғамның толғандыратын мәселесін көтерген фильм.

Аутизмі бар балалардың ортаға тез бейімделуін негізгі сценраий етіп, олардың да тез тіл табыса алатын мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді. Осы орайда қазақ кино қоржынына тағы бір жеңіс әкелген үздік киноның режиссері Гүлшат Смағұловамен әңгімелескен едік.

– Гүлшат ханым, жүлдеңізбен құттықтаймыз! «Шатырдағы екеу» жарыққа шықпас бұрын жүлдеге лайық болатын кино болатынын сездіңіз бе?

Шыны керек, бұлай ойламадым. Біз әуел бастан бұл оқиғадан прокаттық фильм түсіргіміз келді. Бірақ көрермен киноны көруге көп бара қойған жоқ. Сондықтан прокатқа шыққаннан кейін фильмді кинофестивальдерде сынап көруді жөн көрдік. Еңбегіміз еш кеткен жоқ, жұмыстың еленгеніне қуаныштымыз.

– Аутизм белгілері бар балалар бүгінде ерекше назар аударуды талап етіп отыр. Оларға арналған оңалту орталықтары да бар. Ал киноға арқау болған мұндай идеялы кино түсіруіңізге не себеп болды?

– Біз негізінен аутизм мәселелерін көтеруді мақсат еткеніміз жоқ. Фильміміз арқылы аутисттердің қарапайым адам қатарында екенін, олардың жан сарайы бай әрі мейірімді жүрегі бар екенін, достаса білетінін және достықта адал екенін көрсетуге барынша тырысып бақтық. Олар – талантты әрі қабілетті жандар. Қоғамда мұндай жандар болуы керек деп санаймын.

– Кино екі жүлдеге ие болғаны қуанышымызды еселетті. Актердің үздік номинацияға ие болғаны режиссердің талабына сәйкес болды ма? Актерлік құрамды қалай таңдап алдыңыз? Сіздің осы рөлдегі кейіпкерге қойған талабыңыз қандай болды?

– Иә, Костик рөліне үлкен байқау болды. Әсіресе, жасөспірімдер арасында қатысушылар көп қатысты. Бұл рөлге Леонардо Ди Каприоның What's Eating Gilbert Grape (Что гложет Гилберта Грейпа?) фильміндегі кейіпкері шабыттандырды. Он жеті жастағы жасөспірім Ди Каприо аутизмнің ерекшеліктерін мұндай сипаттамаларға назар аудармай көрсете отырып, өз рөлін тамаша ойнап шыққан. Ал біздің он бес жасар актеріміз Александр Черепанов бейнетүсірілім сынағымызға өте жоғары дайындықпен келіп, аутист адамдарды сомдаған актерлер ойнаған фильмдерді тамашалағанын айтып, бұл алғашқы фильмінде өзін қайталанбас ерекше образы арқылы баршаны тәнті етті. Ол Ди Каприо мен «Человек дождя» фильміндегі Дастин Хоффман кейіпкерлерден де шабыт алған екен. Александр жастайынан Виталий Давыдовтың шеберханасында актерлік шеберлікте оқып, қабілетін шыңдаған, сондай-ақ «Балаганчик» театрында ойнайды. Жас Александрдің бұл қасиетін нағыз кәсіпқой актерге балаймын! Түсірілім кезінде онымен жұмыс істеу өте ыңғайлы әрі оңай болды. Алғаш рет фильм түсіріп жатқанымызға қарамастан, онымен жақсы түсінісе білдік және ол камера мен басқа актерлерді де жан жүрегімен сезіне білді.

– Айтпақшы, өзіңіз локацияны таңдаудың бір маңызы бар екенін айтыпсыз. Соны толығырақ ашып айтыңызшы.

– Түсірілім орны, яғни локация фильмге жақсы орта мен көңіл-күй сыйлары анық. Біз кең көлемде прокатқа шығуды мақсат еттік. Бірақ шын мәнінде фильмде күйбең тіршілік мәселелер мен тәжірибелер көрсетілген. Бір жағынан құжаттары жоқ, үйсіз жас жігіт болса, екінші жағынан Костиктің отбасындағы мәселелері бар. Сол себептен фильмге жылылық пен мейірімді көңіл-күй сыйлау маңызды болды. Бұған көбіне түсірілім орындары әсер етті деп айтуға болады. Атап айтсам, Костиктің жылы әрі әдемі пәтері, Алматы қаласы пейзажының тамаша көрінісі бар шатыры мен әдемі таулардағы әлеуметтік ауыл. Сондықтан біз көңілсіз көрінетін орындардан бас тартып, әдемі әрі табиғи жерлерді таңдадық.

– Біз бұған дейін аутизм диагнозы қойылған балалар туралы кино көре бермейтінбіз. Ал режиссер ретінде кино түсіретіннен бұрын аутист балалар туралы ақпаратты қайдан жинадыңыз? Сондай балалармен кездесіп көрдіңіз бе?

– Сценаристіміз Жанна Тимофеева көп жыл бойы волонтер болып, аутизм диагнозы қойылған жасөспірімдер орталығында қызмет еткен. Бұл орталықта оның Костик бейнесін сомдаған жақын досы – Гоша бар. Яғни, Костикті Гошаның прототипі деп те айтуға болады.

 

– Сіздіңше, «Шатырдағы екеуден» көрермен не түйеді? Сіздің мақсатыңыз қандай болды? Сол мақсатыңыздың орындалғанын көрерменнен көре алдыңыз ба?

– Прокатқа шыққаннан кейін фильм жайлы халықтан түрлі пікір келді. Әсіресе, өте жылы пікір көп алдық. Мысалы, комедиялық фильмдердегідей көрермен көп болмаса да, фильмді тамашалағандар бар. Бұл – біз үшін ең бастысы. Ал ең маңыздысы, пікірлер бойынша адамдар фильмді көруден жан жылулығы мен ләззат алғанын тілге тиек еткен. Сол себептен фильміміз адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынас, достық, мейірімділік және басқа да жақсы қасиеттер туралы меңзейді...

– Әңгімеңізге көп рақмет! Шығармашылығыңызда жүлдеңіз көп болсын!

 

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ