Қоғам

Қажылыққа бару үшін вакцина керек

Бір жасқа дейінгі балалар үшін екпе ектіру міндетті емес.

Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігі қажылық немесе умраға баруды жоспарлаған барлық азаматтарға менингококк инфекциясына қарсы екпе ектіруді міндеттеді. Бұл талап қажылық кезінде инфекцияның таралу қаупінің жоғары болуына байланысты енгізіліп отыр, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz kursiv.media-ға сілтеме жасап.

2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Сауд Арабиясына келетін барлық адамдар, визаның түріне қарамастан, менингококк инфекциясына қарсы екпе салдыруы қажет. Қажылыққа жол тартқан азаматтар төрт компоненттен тұратын Neisseria вакцинасын – полисахаридті немесе конъюгациялық түрін ектіруі керек.

Вакцинация сертификатының талаптары:

Төрт компонентті екпе бойынша вакцинация сертификаты Сауд Арабиясына кіруге дейін 10 күн бұрын алынуы тиіс.

Полисахаридті вакцинаның жарамдылық мерзімі – 3 жыл, ал конъюгациялық вакцинаныкі – 5 жыл.

Бір жасқа дейінгі балалар үшін екпе ектіру міндетті емес.

Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл талап қажылыққа келетіндер арасында инфекцияның таралуын болдырмау мақсатындағы алдын алу шараларының бір бөлігі ретінде енгізілді. Қажылардан осы ережелерді сақтауды сұрай отырып, билік азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.