BBC-дің жазуына қарағанда бұрын-соңды батыста дәл мұндай оқиға тіркелмепті. Яғни бір мемлекетке тиеселі қаржыны бұғаттап, кейін тәркілеу деген болмаған. Әрине жеке адамдардың мүлкін тәркілеу мүмкіндігі бар. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5 мүшесінің бірі, ядролық қаруы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған елден мұншама қаржыны тәркілеу оңай-оспақ шаруа болмаса керек. Кезінде әлемдік қауымдастық Иракты Кувейтке компенсация төлеуге мәжбүрлеген. Аргентинаны да қыспаққа алып, Фолкленд аралдары маңындағы соғыс үшін өтемақы талап еткен. Ұлыбританияның пайдасына. Бірақ 285 млрд доллар болатындай өтемақы талап ету немесе осыншама соманы тәркілеу бұрын болмаған деседі. Бәлкім содан да болар қазір бұл қаржыны тәркілеудің салдары қалай болатыны жайлы талқылау жүріп жатыр. Әзірге нақты тәуекел жасаған ешкім жоқ.
Еуропа Ресейден қорқа ма, әлде араб байларынан ба?
Негізі бұғатталған ресейлік активтерді тәркілеу мәселесінің бірнеше қыры бар. Бірінші кезекте, Мәскеудің Еуропаға мұрын шүйіре қарауының салдары байқала бастады. Сөйте тұра Еуропаның іштей сескенетіні де жасырын емес. Екіншіден, даудың көбі нақты қаржыны тәркілеу керек пе, әлде өсімін алу қажет пе деген мәселе төңірегінде өрбіп жатыр.
Рас, әу баста Мәскеу Еуропаны АҚШ-қа қарағанда жалтақ деп ойлаған сыңайлы. 2022 жылы Украинаға басып кірердің алдында Ресей АҚШ қаржы институттарында орналасқан активтерінің біршама бөлігін Еуропаға аударған. Шамасы Еуропа елдері Ресеймен қарым-қатынасты толық үзе қоймайды деген үміт болғанға ұқсайды. Бірақ соңғы кездері Еуропа қатты кете бастады. Әсіресе Францияның қарқыны қатты. Ал Ұлыбритания әу бастан-ақ ымырасыз болуға бекінген-ді. Шығыс Еуропаның, соның ішінде Балтық елдері мен Польшаның да позициясы белгілі. Демек активтердің біраз бөлігін Еуропаға аударғанмен ресейдің үміті ақталмайтын сияқты. Сөйте тұра тәркілеуден қауіптенетіндер Еуропадағы қаржылық тұрақтылыққа да қауіп төнеді дейтін уәж айтады. Мұндағы қауіп араб байларының өз қаржысын Еуропадан алып, өзге қаржы орталықтарына аударып жіберуі мүмкін екендігі жөнінде болып тұр. Бірақ АҚШ қаржы министрі Джаннет Йеллен мұндай қауіп жоқ екенін айтқан. Ол Ресей халықаралық нормаларды өрескел түрде бұзды деп есептейді. Сондықтан Йеллен араб шейхтары доллар мен евродан бас тартуы неғайбыл деп санайды. Өйткені әлем халқы әлі күнге қаржының 60%-ін доллармен, 20%-ін евромен, тек 3%-ін ғана Қытай юанымен сақтайды екен. Қалғаны өзге валюталар мен бағалы металдардың еншісінде болса керек. АҚШ қаржы министрі мәселенің осы тұсын айту арқылы еуропалықтарды көндіруге тырысып бағуда. Әрі сескенудің қажеті жоқ екенін алға тартады. Алайда ресейлік 285 млрд долларлық активтердің тек 5 млрд доллары ғана АҚШ-та сақталған. Ал әңгіме Ресей орталық банкінің активтеріне қатысты болып тұр. Дәлірек айтқанда соғысқа дейін шетелдегі есепшоттарда доллармен, евромен, фунтпен, иенмен және франкпен сақталған Ресей орталық банкінің валюталық резерві бұғатталып отыр. Бұл қаржының көп бөлігі, 200 млрд-қа жуық евро белгиялық Euroclear депозитарийінде сақталған. Құнды қағаздар түрінде сақтаулы тұр. Сол себепті еуропалықтар сескенетін жөні бар. Бәлкім содан шығар осы қаржының өсімін ғана тәркілеп отыру керек дейтін ұстаным бар. Алайда 200 млрд евролық құнды қағаздардың өсімі тым көп емес. Жылына 2-3 млрд доллар болуы мүмкін. Оның үстіне қазір жиналып тұрған 4 млрд долларлық өсімді еуропалықтар тәркілей алмайды екен. Құқықтық негіз жоқ. Жаңа заң қабылдағанның өзінде дәл сол қаржыға қатысты бұрынғы ережелер сақталады. Сондықтан Еуропа екіұдай күй кешіп отыр. Еуропарламенттің бюджет комитетінің жетекшісі Йохан ван Овертвельдт ақшаның пайызын тәркілеу де олжа деп санайды. «Украинаға ешбір көмек бере алмағаннан жақсы бұл» дейді ол. Сонымен бірге ол 200 млрд евроны кепіл ретінде қойып, Еуропалық одақ Украина үшін несие алуы керек деп санайды. Ал несиені өтеуді соғыстан кейін Кремлдің мойнына ілу керек деп есептейді. Қызық нұсқа бұл.
Біздің пайымдауымызша бұл жерде Украинаға шын жанашырлық емес, әлі де саясат рөл ойнайтын сияқты. Айталық Еуропа қаржы нарығының тұрақтылығын сылтауратып тәуекелге бармаса, АҚШ ва-банг жасауға ниетті. Өйткені, 5 млрд доллар ештеңе өзгерте қоймайды. Екіншіден, Еуропа қаржы орталығы ретінде әлсіресе дүниенің бай-бағландары Нью-Йоркқа қарай ағыла түсуі мүмкін. Әрине бұл жерде еуропалықтарыдң шынайы қорқынышы Ресейдің агрессиясына байланысты болуы мүмкін. Әсіресе Ресейдің тактикалық ядролық қару қолдану қаупі Еуропаны алаңдатады. Сондықтан бірден Ресей орталық банкінің барлық активтерін тәрілеу жайлы тәуекелген бармай отыр. Тіпті пайызын тәркілеудің өзі қиынға соғуы мүмкін. Себебі ол үшін ЕО-ның 27 мемлекеті бірауыздан келісуі керек. Ал Мажарстанның келіспесібесенеден белгілі. Одан бөлек ЕО елдері АҚШ, Жапония, Канада мен Ұлыбританияны ңтолық қолдауына ие болуы керек. Ал олар маусымда Италияда өтетін «үлкен жетілік» саммитінде белгілі бір мәмілеге келуі мүмкін.
Ресей активтерін не үшін тәркілеу керек?
Сарапшылар бұл сауалға байланысты үш уәж айтады.
Біріншіден, Ресей агрессиясы Украинаға орасан зор шығын әкелді. Дүниежүзілік банк елді қалпына келтіру шығындары 411 млрд доллар болатынын мәлімдеген. Бұл дегеніңіз бұғатталған ресейлік активтер көлемінен де көп. Дегенмен соғыс әлі аяқталмағандықтан бұл соманы нақты мөлшер едуге болмайды. Айталық Bloomberg агенттігі Еуропалық инвестициялық банктің есебін жариялады. Банк мамандары Украинаны қалпына келтіруге 1 трлн доллардан көм қаржы кетуі мүмкін деп есептепті. Бұл дегеніңіз екіншідүниежүзілік соғыстан соң Еуропа өнеркәсібін өркендетуге септескен АҚШ-тың Маршалл жоспарына бөлінген қаржыдан да көп. Демек Ресей активтерін кепілдікте ұстау Мәскеуге қысым ғана емес, болашақта Украинаны қалпына келтіруге септесетін амал болса керек.
Екіншіден, Ресей активтерін бұғаттап қана қоймай, оны тәркілеу батыстың жұдырықтай жұмылып, агрессорды тоқтатуға білек сыбана кіріскенін көрсету үшін қажет деседі. В.Путинге кәдімгідей айбат шегу болса керек. Мәскеу АҚШ Конгресі Украинаға көмек үшін қаржы бөлмей отырғанын батыс елдері арасныдағы ынтымақтың әлсірегені деп бағалауы мүмкін. Еуропаның өз ішінде де итіс-тартыс бар. Сол кезде ресейлік активтерді тәркілеп жіберсе, Мәскеу айылын жияр ма, кім білсін?!
Үшіншіден, дәл қазір Украинаға ақша керек. Ал батыс елдері тым көп ақша бөліп жатқан жоқ қазір. Еуропа бұл мәселеде біршама алға жылдып, өзара ауызбіңрлік қалыптасқандай болып еді, АҚШ тартынып қалды. Конгрестің кесірінен. Сөзімізге АҚШ тың 2024 жылдағы алғашқы ірі көмегі наурызда берілетін болғаны дәлел. Шамамен 300 млн доллардың көмегін беретін болды. Бұл көмек қару-жарақ қана. Ал Украина үшін халықтың жалақысы, зейнетақысы үшін, инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін ақша керек. Тек 2024 жылдың өзінде Украианға 40 млрд доллар қажет болады екен. Мұнша ақшаны ЕО жалғыз өзі тауып бере алмауы мүмкін. АҚШ-қа де сенім аздау қазір. Демек осындай қысылтаяң сәтте Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану ең оңтайлы жол болатын сыңайлы. Кім біледі, бұл әңгіменің соңы қалай боларын?! Уақыт көрсетер.
Oimaqnews
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Зеленский енді АҚШ президенті болып сайланған Трамппен тілдесіп үлгерді
- авторОймақ
- 8 қараша, 2024