Эйр Астананың тағы қулығы: депутат ваучер ғана ұсынатынын айтты
Депутат Air Astana-ның тағы бір қулығын әшкереледі.
Жолаушы билетті қайтарған кезде авиакомпания үлкен пайыздар ұстап, ақшалай емес, ваучер ғана ұсынады.
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар Air Astana компаниясының президенті Питер Фостерді біраз қыспаққа алды. Қоғамның көкейінде жүрген біраз мәселе айтылды. Мысалы, депутат Нұргүл Тау авиарейстердің жиі кешігуіне және жолаушы қайтарған билет үшін қаражат төлеу проблемасы туралы да мәселе көтерді.
Жолаушы билетті қайтарған кезде авиакомпания үлкен пайыздар ұстап, ақшалай емес, ваучер ғана ұсынады. Неліктен? Жолаушы билет үшін ваучермен емес, ақшамен төлейді ғой. Қаражатты қайтару да кешіктіріледі. Рейстер көбінесе 2 сағатқа, содан кейін тағы 2 сағатқа, содан кейін тағы да кешіктіріледі. Ал кідірістің жалпы уақыты 5 сағаттан аспайды. Адамдар өз уақыттарын жоспарлайды, іс-шаралар тағайындайды. Бірақ авиакомпанияның жұмысына байланысты барлық жоспарлар бұзылады. Көлік министрінен осы мәселелерге назар аударуды сұраймын, - деді депутат.
Депутат Бақытжан Базарбек те Air Astana компаниясының әуе парктері Ирландияда тіркелген деп отыр. Бұған дейін тағы бір мәжілісмен Асқар Садықов осы мәселені көтеріп, бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол Питер Фостердің Қазақстанда тапқан ақшасын Лондонда жұмсайтынын айтқан еді.