Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін дамытуға кедергі болып отырған проблемалар көп – Болатбек Нәжметдинұлы
Еліміздің транзиттік әлеуеті әлі күнге толыққанды жүзеге асырылмай отыр
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін дамытуға кедергі болып отырған проблемалар туралы Үкімет сағатында айтты.
Депутат Қазақстан транзит аумағы ғана емес, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы стратегиялық көпір екенін атап өтті. Десек те, оның айтуынша, еліміздің транзиттік әлеуеті әлі күнге толыққанды жүзеге асырылмай отыр.
Болатбек Нәжметдинұлы Қазақстанның жаһандық транзит хабына айналмауының себептерін атады.
Біріншісі – инфрақұрылым, жолдар мен теміржолдар халықаралық стандарттарға сай келе бермейді. Екіншісі – логистика, мультимодальды терминалдар жүйелі түрде дамымай отыр. Үшіншісі – цифрландыру, бюрократия мен баяу процесттер ағын қозғалысын тежейді. Төртіншісі де жемқорлық, транзиттік әлеуетті дамытуға ең басты кедергілердің бірі.
Депутаттың айтуынша, көрші елдермен транзиттік тасымалда тепе-теңдік жоқ.
Сонымен қатар мәжілісмен ақылы жолдардың сараланған тариф саясатына тоқталды.
Болатбек Нәжметдинұлының айтуынша, Еуропада жол ақысының прогрессивті жүйесі жұмыс істейді. Яғни тариф автокөліктің экологиялық санатына байланысты. Ал Қазақстанда барлық көлікке ставка бірдей. Депутат көліктің экологиялық стандарттарын ескеріп, ақылы жолдарда сараланған тариф енгізу қажет деп санайды.