АҚШ президенттігінен үміткерлер белгілі болды
АҚШ та күзде өтетін президент сайлауы науқанына елдегі екі ірі партияның үміткерлері белгілі болды. Демократтар өз партиясы ішіндегі праймериз нәтижесінде Джо Байденді таңдаса, республикашылдар арасындағы праймеризде экс-президент Дональд Трамп жеңіске жетті.
Әзірге қос партия өз үміткерлерін ресми түрде ұсынған жоқ. Алайда праймериз нәтижелерінің өзгеруі неғайбыл. BBC-дің жазуына қарағанда Демократиялық партия атынан ел президенттігінен үміткер ретінде Джо Байденді ұсыну праймериздің шартты түрде ғана өтуіне себеп болған. Өйткені қызметтегі президент өз кандидатурасын екінші мерізімге ұсынса партияда әдетте көп қарсылық болмайды. Ал республикашылдарға келсек, олардың арасындағы күрес біршама күшті болды. Трампқа ең басты қарсылас ретінде АҚШ-тың БҰҰ дағы бұрынғы тұрақты өкілі Никки Хейли танылды. Бірақ соңғысының партия ішінде топ жару мүмкіндігі өте төмен болғаны айтылады. Ал сейсенбі күні Джорджия, Гавай, Миссисипи және Уашингтон штаттарында праймериз өтіп, Трамп қарсыласына ешқандай мүмкіндік қалдырмаған. Әсіресе Уашингтон штатындағы праймеризден кейін Никки Хейлидің мүмкіндігі жоқ екені белгілі болса керек.
Бір қызығы алдынғы сайлауда жеңіліп қалған тұлғаны президенттіктен үміткер ретінде қайта ұсыну соңғы рет АҚШ тарихында 1968 жылы тіркеліпті. Сол жылы республикашылдар үміткер ретінде Ричард Никсонды ұсынған. Ал ол болса 1960 жылғы сайлауда Джон Кеннедиден жеңіліп қалған еді. Тағы бір қызық деталь: екі бірдей кандидаттың сайлауда қайтадан қарсылас атануы соңы рет 1950 жылдары тіркеліпті. Биылғы сайлау АҚШ тарихындағы осындай жетінші оқиға болайын деп тұр. Мұндай сайлаулардың алғашқы төртеуінде бастапқы нәтиже өзгерген. Яғни жеңілген үміткер келесі жолғы сайлауда жеңіске жеткен. Соңғы екі сайлауда алғашқы нәтиже қайталанған. Биылғысы қалай болары белгісіз.
АҚШ та президент сайлауы 2024 жылдың 4 қарашасында өтеді.
Oimaqnews