LRT-дегі жолақы құны қанша болады?
Бұл туралы Астана қаласының әкімі брифингте айтты.
Астана қаласының әкімі Женіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте LRT-дегі жолақы құнына қатысты айтты.
"Біз эстакада бойынша құрылыстық жұмыстардың денін аяқтадық. LRT-ның барлық инфрақұрылымы жазда дайын болады. Қазір рельстер төселіп жатыр, көктемде сигнализация бойынша жұмыстар басталады. Алғашқы пойыздар келесі жылдың тамыз-қыркүйек айында келе бастайды. Біз күзде оның 15 құрамы жеткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Техникалық қозғалыс келесі жылдың соңында ашылады. Бастапқыда жоба жоспарланған кезде тәулігіне шамамен 20 мың жолаушы болады деп күтілген. Біз бұл көрсеткіш одан да көп болатынын көріп отырмыз. Сондықтан құны қайта есептеледі. Қазір нақты сомасын айта алмаймын. Бір айта кетерлігі, бұл – қоғамдық көлік", - деді әкім тілшілердің сауалына берген жауабында.
Айтуынша, жол жүру құны ақылға қонымды болады.
"LRT құрылысы бойынша жұмыстар айтарлықтай жеделдетілді. Эстакада бөлігінің құрылысы аяқталып, станцияларда темірбетон жұмыстары орындалды, сондай-ақ Есіл өзені арқылы көпір салынды. Қазіргі уақытта 18 станцияның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау жоспарланған, оның ішінде Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдайақов көшесінің бойындағы LRT эстакадасы астындағы аумақты абаттандыру қарастырылған", - деді Жеңіс Қасымбек.