Михаил Кавелашвили Грузия президенті болып сайланды
Михаил Кавелашвили Грузия президенті болып сайланды
Дауыстарды санау қорытындысы бойынша Грузияның алтыншы президенті болып биліктегі «Грузин арманы — Демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламенттің бұрынғы депутаты Михаил Кавелашвили сайланды, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі. 300 сайлаушылар алқасының 224 мүшесі Кавелашвилиге дауыс берді. Бірінші турда жеңіске жету үшін оған сайлаушылардың үштен екісінің дауысын алу керек болды. — Орталық сайлау комиссиясының хатшысы ұсынған нәтижелер бойынша Михаил Кавелашвили президент болып сайланды, - деді ОСК төрағасы Георгий Каландаришвили сайлаудың қорытынды хаттамасына қол қоя отырып. ОСК хатшысы Георгий Джавахишвилидің айтуынша, президенттік сайлауға барлығы 225 сайлаушы қатысты. Бір бюллетень жойылды. Грузияның алтыншы президенті бес жылдық мерзімге сайланды және 29 желтоқсанда ұлықтау рәсімі өтеді. Михаил Кавелашвили — футболдан Грузия ұлттық құрамасының бұрынғы шабуылшысы және Грузия парламентінің үш шақырылымының депутаты. Грузиядағы президент лауазымы — өкілеттілігі шектеулі символдық тұлға. Ол кімді кешіретінін шеше алады және заңдарға вето құқығын пайдалана алады. Бірақ ол халықаралық қатынастарда үкіметтің келісімімен ғана өкілдік қызметін атқара алады.