жұма, 13 желтоқсан, 2024 8:10

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Асылхан СЕЙДІМБЕК: Қаттаулы тұр Ақселеу аманаты

Асылхан СЕЙДІМБЕК:  Қаттаулы тұр Ақселеу аманаты
фото: ашық дереккөз
Бүгін – қоғам қайраткері, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақселеу Сейдімбектің (1942-2009! туған күні

 

«Көктегі күнге, жердегі елге мейірімім қанбады». Бұл Ақселеу Сейдімбектің қабірінің басында жазулы тұр. Биікшіл  жаны биікке барып жай тапты.  Ұлт десе шығарға жаны бөлек азаматтың өле-өлгенше уайымы да елдің қамы болды. Ұлттың жоғын жоқтады, жоғалғанын іздеді, құндылығын түгендеді. «Күңгір-күңгір күмбездер», «Мың бір маржан», «Күй шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақтың әйгілі күйшілері» және т.б басқа кітаптары осыған дәлел болады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – қаламгердің  туған бауыры Асылхан Сейдімбек.  «Арқа» деп еркелеткен жан бауырымен бірге Ақселеу әлеміне сүңгіп көрдік.

–Ақселеу – бөлек құбылыс. Қазақтың Ақселеуі болып бірден қалыптаса қоймаған шығар. Бала Ақселеуден дана Ақселеуге дейінгі жүріп өткен жолын білгіміз келеді. Оның балалық әлемі қандай болды?

Ағатайым екеуміздің арамыз – 14 жас. Мен 1956 жылғымын, ағатайым 1942 жылы дүниеге келген. Көзімді ашып, есімді білген шағымда ағатайым мектепте оқып жүрген, бозбала жігіт болатын. Әке-шешемнің азан шақырып қойған аты Асылхан, үйдегілердің бәрі еркелетіп «Арқа» дейтін. Ол атты қойған – ағатайым. Шешем айтатын: ағам сабақтан келгенде, «арқа, арқа» деп жылап, арқасына мініп алады екенмін. Содан бастап, «Арқа» деп кетіпті. Әкем де, шешем де мұғалім. Баланың көптігінен шешеміз жұмыс істей алмаған. Бала қарау керек, олардың тамағы, күтімі бар, оның үстіне әкеміз үш ағайынды, олардың балалары да біздің үйге келіп оқиды,  келімді-кетімді кісілер бар дегендей, үйдің жұмысынан шыға алмаған. Кішкентайлардың бәрі ағамызды «Ақау ағатай» деп атайтын едік. Жастайынан домбыра тартты, өнерге тым жақын болды. Ағатайымды әкем де, шешем де еркелетіп өсірген. Шешем үнемі «бұл шешек не істемеді? Бұл қошқар мініп, мектепке де кіріп кетті ғой» деп отыратын. Әкеміз мектепте мұғалім, математикадан сабақ береді. Өзі өнерге бейім адам. Қанша қатал болса да, ағатайыма қаталдық танытқан жоқ. Жаңарқадағы ең үлкен мектеп Ленин атында болатын. 1937 жылы салынған.  Ол заманда ең үлкен мектепке Лениннің атын беретін әдеті еді ғой. Сол мектепте оқимыз бәріміз. Сол мектепке бір күні ағатайым қошқар мініп барып, сабаққа кіріп кеткен ғой.  Ерке баласының бұл қылығына әкем күліпті де қойыпты.

Әкем мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін басқарды. Қайрат Байбосынов бізбен көрші тұратын. Қайраттармен асық ойнап, доп қуалап, бірге өстік. Кешке қарай мал күтіп отырғанда әкем Қайратқа ән айтқызып қояды. Дауысы деген сұмдық. Қайрат Байбосынов өзінің кітабында: «Мені өнерге жетелеген – математика мұғалімі Хасен Сейдімбеков» деп жазды. Бір күні Жаңарқаға концерт қоюға Жүсіпбек Елебеков келеді. Сонда әкей Жүсіпбекке кіріп: «Айналайын, менің бір балам бар. Сен соны тыңдашы» деп өтініш айтыпты. Ол кездері аты дүркіреп тұрған Елебековтерге кіру де оңай емес. Сонда әкем Қайратты қолынан жетектеп әкеліп, Жүсіпбектің алдында ән айтқызыпты. Елебеков сол бетінде Қайратты өзімен ертіп кеткен ғой. Онда Қайрекеңнің 12-13-тегі кезі болса керек. Ақау ағатайымның да өнерге, әдебиетке келуіне де себепкер болған әкей еді. Тіпті екі жыл қатарынан КазГУ-ге түсіремін деп, Алматыға да  жетектеп әкелді. Екі жыл қатарынан түсе алмай, елге келіп, жылқы бақты. Әкейдің үлкен ағасы бар еді,  сол кісі жылқышы болатын. Қазақтың этнографиясы туралы зерттей бастауына да сол жылқы баққан жылдары  себепші болған секілді. Жылқышы болып жүріп, елдегі көзі тірі шалдармен жиі әңгімелесетін. Естігендерін қағазға түртіп алатын әдеті.  Ағатайым: «Атақты Ағыбай батырдың немересі Тарғын деген болды. Сол кісімен бірге жылқы бақтық. Үлкендігі 2 метрдей болатын. Құлағының өзі үлкен болды. Қыста құлағындағы мұзды қамшысымен қағып жіберіп, жүре беретін» деп айтатын еді.

 

«Арқаны» қайтып алды

 

Білуімізше, Ақселеу Сейдімбектің бүркеншік есімі «Арқа» болған. Сіздің есіміңізді әдейі пайдаланған ба?

–Қарағанды университетіне оқуға түскен жылы ағатайым сол жерде «Лениншіл жастың» тілшісі болып жұмыс істеді. Университеттің ректоры Евней Букетов деген кісі болды. Сол кісімен жақсы араласты. Өте көрікті, ұзын бойлы кісі еді. Қазақ тіліне, қазақ руханиятына қатты жақын болды. Ол кісінің атқарған ең үлкен шаруасы – университетте домбыра оркестрін құрды. Қарағандыда ондай оркестр бұрын-соңды болмаған. Ол жылдары мұнда  8 пайыз ғана қазақтар болатын. Оның санын студенттер толтыратын еді. Сол домбыра оркестріне мен де қатыстым. Ағатайым бастап домбыра шерткеннен кейін үйдегі бүкіл бала домбыраға үйір болдық.  Евней ағай да үйге жиі келетін. Ағатайым екеуі таңды таңға ұрып, әңгімелесетін еді. Ұлттың рухани мұрасын түгендейтін.  Сол кездері Қарағандыны қазақтандырған да осы кісілер болды-ау деп ойлаймын.

Бір күні ағатайым маған: «Сен енді анау «Арқа» деген атты өзіме қайтып бер» деді. Әуелде ұқпай қалдым. «Не болды?» деп едім, «Мен бүркеншік ат қойып жатырмын. Енді «Арқа» менің есімім болады» деді. Сөйтіп өзі қойған атты өзі тартып алғаны бар.

Ағамның жанында жүріп, қазақтың мықты-мықты азаматтарымен дастарқандас болдым. Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Қойшығара Салғара және тағы басқа «Жетім жетім» атап кеткен, араларынан қыл өтпес, жақсы достары болды. Ағатайым үйіне қонақ шақырса, міндетті түрде мені шақыратын. Ет турап, үлкендерге қызмет көрсетем.

Бірде осылай қонақ шақырып, қызмет етіп,  соңында қайтайын деп жатсам, қолыма бір конвертті ұстатты. Сыртында «Аманат» деп жазылған. «Аманат» дегеннің не екенін ұғатын жастамыз ғой. Көңілім бұзылып, үйге келдім. Бұл 1999 жыл болатын. Онда Көкшетаудың Бұланты деген ауданында прокурор болып істейтін кезім. «Арқа, қарағым! Біз енді шайтан емеспіз, бұл өмірде жүре беретін. Бір күн болмаса, бір күн кететін шығармыз. Сонда басыма қоятын тасқа: «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деп жаз» деген сөздері бар арасында.  Жүрегі ауырып жүретін. Содан қорықты ма екен.  Өлем деп ешкім ойламайды ғой. Арада он жыл өткенде, 2009 жылы қайтты ғой. Ағатайымның жаназасын басынан аяғына дейін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жүргізді. Имекең штаб құрды. Сонда «Асылхан, ағаң ештеңе қалдырмады ма?» деп сұрады. Хатын көрсеттім. Сөйтіп Жаңарқадағы бейітінің басына қойған тасына осы сөздер қашалып жазылды.   

–Ақселеу ағаға жұрт «Сал десе сал, сері десе сері, шешен десе шешен» деп баға берді.  

–Ағатайымның ой-өрісі ерекше болды ғой. Ол кісі әңгіме айтқанда, ел-жұрт ұйып тыңдайтын. Әбіш ағаның өзі отырыстарда жиі «Ақантайды тыңдайық, Ақантай айтсын» деп отыратын еді. Әбіш аға сөздің қадірін білетін, білімді кісі болатын. Ағатайымды жиі сөйлететіні, әңгімесін айтқызатыны да содан болса керек.

Бір жылдары «Тарақты Ақселеу» деп те жазып жүрді. Руымды ел ұмытпасын деген ниетпен жазды ма? Әлде басқа себебі болды ма?

Сол жылдары ел жаппай  орыстанып бара жатты. Қызыл партияның қылышынан қан тамып тұрған кезі.  Руды ұмыттық, ұлтымыздан айрылайын деп қалған сәт. Шыққан ата-тегімізді білмейтін күйге түстік.  Сол кезде ағам Тарақты Ақселеу деп әдейі жаза бастады. Бұл көпшілік үшін сенсация болды. Тіпті «Неге бұлай руын жазады? Неге бөлінеді?» деп шулады. «Жеті аталарыңды білу үшін әдейі жаздым. Жеті атаңді білмесең, қалай қазақ боласың? Сендердің намыстарыңды ояту үшін әдейі жаздым» дейтін. Бұл кейбіреулердің жүрегіне от салды. Өзінің ата-бабасын іздей бастады. «Бұл жүзге бөліну емес, кім екенін білу, қайдан шыққанын тану» деп ұғындырды. Кейін Тәуелсіздік алғаннан кейін қайтадан Ақселеу Сейдімбекке ауысты. 

 

Еден жуудан басталған ғылым

 

1987 жылы ағаның төбесіне де «бұлт» үйірілгенін білеміз. Тіпті «ұлтшыл» деп айыптап, жұмысынан да қуды. Ағаңыздың сол бір көлеңкелі тұстары сіздің есіңізде қалды ма?

  Ол кезде Ұлытау ауданында жұмыс істейтін кезім. Ағатайымның Алматыдағы үйінде қазақтың ескі құрал-саймандары, қару-жарағы бар болатын. Қылышы, садағы, бесатар қылышы ілулі тұратын еді.  1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қонаевты алып, орнына Колбинді тағайындады. Сол жылы бүкіл Қазақстан бойынша прокурорларды жинады. Алматыға мен де бардым. Бірден ағатайымның үйіне түстім. Үйдің іші біраз жұтаң тартып қалған сияқты. Біраз нәрсе жоқ. Ағамның көңіл күйі түсіп кеткен. «Арқа, байқап отырған шығарсың. Үш әріптегі жанашыр жігіттер «Сіздің соңыңызға түсіп жатыр, қамауы мүмкін» деп айтты. Содан үйде тұрған қарулардың бәрін жинап, бір жерге тығып қойдым» деді. Үй телефондары да тыңдалады екен. «Сен де байқап жүр» деп айтты. Онда ол кісі «Білім және еңбектің» редакторы болатын. Тағы бір барғанымда ағамның үйінде Мұрат Әуезов, Роллан Сейсенбаев бар екен. Сонда ағам отырып: «Осы мен Камалиденовке не жаздым?  Ол жиналған жерінің бәрінде «Сейдімбеков деген алашордашы  бар. Ұлтшыл. Соның  көзін құрту керек» деп мінбеден айғайлайды екен» деді. Сонда олар ағатайымды «қазақ жастарының көсемі» деп санайды екен. «Қазақ елі үшін мен ештеңеден бас тартпаймын. «Тәуелсіздік береміз, сол үшін сен жаныңды бер» десе, бере саламын. Мені қамамақ түгілі, атып тастаса да, өз идеямнан бас тартпаймын» деп айтып отырды. Ана кісілер ағатайыма: «Ақселеу, сен байқашы. Кейде тым қатты кетіп қаласың» деп ескертіп жатты.  Сөйтіп жүргенде  ағамды «Білім және еңбектен» босатты. Біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Шамамыз келгенше, бауырлары көмектесіп тұрдық. Одан бөлек, ағатайымның жанашырлары да көп болды. Арада біраз уақыт өткен соң, Ғылым академиясына жұмысқа кірді. Өзі «еден жуушы болып кірдім» деп айтатын. Әйтеуір лаборант болып істегенін білеміз. Сол жерде жүріп, ғылыммен нақты айналыса бастады. «Қазақтың қара сөздерінен» ғылыми жұмысын қорғап шықты. Бұл ағамның этнографияға деген ынта-ықыласын оятты.

Қудалауға түсіп, қиналып жүргенінде басынан сипап, арқасынан қаққан да ел-жұрты болды. Сол үшін де ағатайым «елмен бірге отқа да, суға да түсемін» дейтін. Біреуге жағымпазданған жоқ. Біреудің сойылын соққан жоқ. Осы мінезінен тәуелсіздік алғаннан кейін де айнымады.  

1973 жылы өзінің күнделігінде былай деп жазыпты: «Қос мүйізді Ескендір қазіргі қазақ даласына шабуыл жасағанда, Айса пайғамбар мен  Мұхаммед пайғамбар әлі тумаған екен. Бұл кезде көшпелі өмір салттағы бабаларымыз Дари патшаның тұмсығын қанға бояп, Кирдің басын қанжығасына бөктіріп үлгеріпті. Шет жұрттың тарихи тұлғаларын былай қойғанда, өз жерімізде дәурен сүрген хандардың ханы Бұмын қаған Мұхаммед пайғамбардан 19 жас үлкен екен. Осы орайда қазіргі әлемдік дін деп жүргеніміз – бар болғаны әлемдік оқиға немесе әлемдік тарихтың бір үзігі ретінде ғана ден қойдырады. Нағыз діни тарих – тәңірлік дінге тән сияқты. Себебі тәңірлік дін, дәлірек айтсақ, тәңірлік ниет-таным өзінің космостық ауқымымен мойындатады. Тәңірлік дүние-таным, түптеп келгенде, табиғаттану, табиғатпен тіл табысу болып шығады. Бұл дегеніңіз –тіршілік атаулының тірегі дегенге саяды» дейді. Бұл – оның 31 жасында айтқаны. Осы күнге дейін оған қарсы шығып, «мынауың дұрыс емес» деп ешкім  айтқан емес.  Бір жылдары ағатайымның «Ақиық» деген кітапшасы шықты. «Ақиығы» 1969 жылы шықты ғой деймін, қателеспесем. Сонда жасы 26–да ғана болуы керек. Ол жылдары қандай кітап шықса да, әдебиеттанушылар пікір айтатын  Ағамның сол кітабы туралы бір ғана жазушы сын жазды. Ол – Қабдеш Жұмаділов.

–Сонда алғашқы сыншысы Қабдеш аға болды ма? Ол кісі  не жазыпты?

–Қабдеш Жұмаділовтің сыны да қызық жазылған. «Бұл жігіттің жазғанын оқып отырып, оның текті жерден шыққанын байқаймыз. Бүгінгі күнге дейін бүркіт туралы ешкім жазған жоқ. Оны қалай баптау керек, қалай аңға салу керек? Осыны білетін адамдардың бар болғанына қуанып отырмын» деп жазады. Ағатайым Қарағандыда жұмыс істеп жүріп, «СҚ»-ға ауысты. «Өнер және білім» бөліміне меңгеруші болды. Ағатайымның бөлмесі әнші-жыршылардың ордасына айналды. Бір күні сол кабинетке Ғабит Мүсірепов те келіпті. Ол кісі: «Оянған өлке» романының бір мәліметтерін біліп берші» деп өтініш айта келсе керек.  Ағам Ғабеңнің тапсырмасын екі есе орындапты.   Оған  Ғабең таңғалып: «Бір бөлім қылып, жазып тастапсың ғой» деп риза болыпты.

Ағатайыңыздың өмірінің соңғы күндерін де «жұмбақ» көретіндер көп.

–Рас, өлімін жұмбақ санайтындар өте көп. Жасыратыны жоқ, 2000 жылға дейін тәуелсіз елдің болашағына сеніммен қарап келді. Одан кейін жүйеге риза болмай, сыни көзбен қарай бастады. Тілді уайымдай бастады. Елді уайым қыла бастады. Ол кісі ешқашан дүниеге қызыққан емес. Оның бар жиған-тергені – кітаптары. Ағатайым қайтқанда Әбіш ағамыз: «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың қатепті қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады» дегені бар. Ол кісіден артық ешкім айта алмас.

Ол өз аманатын жазған  1999 жылдан бастап, арғы дүниеге дайындала бастаған секілді. «Қазақтың жігіттері жұмыс таба алмай, арба сүйреп жүр. Бұл не сұмдық?» дейтін еді үнемі. «Осындай мемлекетте өмір сүріп отырғаныма қорланамын» деуші еді. Үнемі осындай  уайыммен жүрді. Уайыммен өмірден өтіп кетті...

 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Aikyn.kz 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар