Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат жазасын түрмеде өтейді
Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат жазасын түрмеде өтейді. Апелляциялық сот бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сот шешімін күшінде қалдырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
"Өзгеріссіз қалдырылды", - деп мәлімдеді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Нұрасыл Болатқа екі немесе одан да көп адамның денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін (ҚР ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігі 1-тармақшасы бойынша) 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын. Алайда кейін шартты мерзімде жүрген Нұрасыл Болат пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені түсірілген видео жарияланып кеткен еді.
Осы дерекке байланысты пробация қызметінің өтініші қаралып, Нұрасыл Болатқа бас бостандығын шектеу түріндегі жазасы өтелмеген мерзімге 1 жыл 5 ай 10 күнге бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.
Кейін бас бостандығынан айырылған Нұрасыл Болат сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргені айтылды.