Экономика

Келесі жылы зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі айтты.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалып жатқанын айтты.

"Осы жылдың қаңтар айынан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, барлық зейнетақылар мен жәрдемақыларды жыл сайынғы индекстеу жүзеге асырылды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ортақ зейнетақыны 8,5%-ға, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақыны 6,5%-ға жыл сайынғы индекстеу жүзеге асырылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру жалғасуда", - деді Ұлттық экономика министрі Үкіметте өтіп жатқан брифингте.

Министрдің дерегінше, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдердің 42 түріне 6 трлн теңгеден астам сомада шығыстар көзделген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артық.