Руханият

"Моанаға" барғандарды түсінбеймін": Бадықова мультфилмьдерге барғандарға ренішін білдірді

"таптым-ау сені 2" фильмі мен "Моана 2" мультфильмі экранға қатар шықты.

Актриса Дариға Бадықова өзі түскен «Таптым-ау сені 2» фильміне емес, Disney кинокомпаниясының «Моана 2» анимациясына барған көрерменді «түсінбейтінін» айтады. Оның бұл пікірі сынға ұшырап жатыр, деп хабарлайды  Oimaqnews.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

– Монаға барып позор болып отпайық. Бөтен елге кассаны, бөтен елге ақшаны жіберіп… Мен ашығымен айтам. 27 қараша күні “Моанаға” барған қазақтар болды. Мен сөкпеймін. Қандай қазақ екендерін түсінбеймін, бірақ, – дейді актриса әлеуметтік желіде тікелей эфирде отырған сәтінде.

Бадықова көрермендеріне “сендер қазір анау бір мультикке барып қыртып жатырсыңдар ғой, не үшін барып жатқандарыңды білмеймін, не үшін Голливудқа шапан кигізіп жатқандарыңды түсінбеймін” дейді.

“Моана 2” және қазақстандық “Таптым-ау сені 2” кинотеатрларда қатар шығып жатыр. Актрисаның бұл сөзін сынап жатқандар бар. “Өз комедиясымен қазақтың патриоттық деңгейін өлшемекші”, “әр адам өзі біледі ғой”, “бүгін Моанаға бардым, керемет”, “керек кезінде паториоттығы оянатын актерлер ренжіп қалыпты” деп оның пікіріне қарсы ойлар көп жазылған. Кейбір оқырмандар қазақ көрермендеріне тек арзан әзілге толы отандық фильмдер ұсыныла беретінін ашық жазған.

«Моана 2» шетелдік кинокомпанияның өз қаражатына қазақ көрермендеріне қазақ тілінде ұсынып отырған анимациясы. Қазақстанның кинотеатрларында 28 қарашадан бері кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр.