Тараз қаласына іргелес аудандардан 14 ауыл қосылады
Байзақ және Жамбыл аудандарының 45 мыңнан астам ауыл адамы облыс орталығының тұрғыны атанады.
Таразда қаланы екі әкімшілік орталыққа бөлу жұмыстары жалғасып жатыр. Кеше қаланың құрамына кіретін елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда жаңа Бас жоспар талқыланды. Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 тұрғыны бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп ескерілген.
Жиын барысында аталған ауылдардың әлеуметтік мәселелері жан-жақты зерделенді. Енді жаңадан қосылатын аумақтың мәселелерін шешу үшін арнайы жұмыс тобы тиісті жоспарды құруы керек.
Шығыс жағында қала шекарасына Ақбұлым (халық саны - 4022 адам) және Талас (халық саны - 4879 адам) елді мекендері кіреді.
Ауылдармен бірге қалаға екі мектеп, төрт балабақша, екі емхана, екі мешіт, 1318 тұрғын үй және 79 коммерциялық нысан кіреді. Сондай-ақ осы жағынан Байзақ ауданы Қызылжұлдыз ауылы қалаға қосылады.
Солтүстік жағынан қалаға Қоңыртөбе (халық саны- 484 адам), Шайқорық және Шайқорық станциясы (жалпы халық саны - 4788 адам), сонымен қатар Танты ауылы (халық саны - 214 адам) енеді.
Батыс жағында қала шекарасына Бектөбе (3292 адам), Қызылшарық (1315 адам) кіреді.
Қаланың оңтүстік жағынан енді Жалпақтөбе (9836 адам), Түрксіб (4036 адам), Сұлутөр (6327 адам) ауылдары қосылады.
Атап айтқанда, қосылған аумақтарда өндірістік қуаттарды дамыту жоспарланған. Өйткені қазір бос аумақтың жоқтығы инвесторлардан түрлі өндіріс орындарын салу бойынша ұсыныстарды қанағаттандыруға мүмкіндік бермейді.
Мұнымен қоса, қалаға басқа да маңызды аумақтарды қосу жоспарланған. Байзақ ауданы облыс орталығына 796,2 гектар ауыл шаруашылығы жерін, өнеркәсіп нысандарына арналған 46,6 гектарды, 21,7 гектар су қоры жерін, 90 гектар жер қоры аумағын береді.
Жамбыл ауданына да жаңа жерлерді өткізеді: ауыл шаруашылығына – 5734,2 га, өнеркәсіптік – 128,7 га, су қоры – 163,9 га, жер қоры – 1937,7 га.
Автор
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.