Президент Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева министрліктің мәдениет, ақпарат, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынас, жастар саясаты, креативті индустрия, отбасы-демографиялық саясат, мұрағат және кітапхана ісі салаларында биылғы атқарған шаралары, сондай-ақ ведомствоның 2025 жылға арналған перспективті жоспарларын жүзеге асыруға дайындығы жөнінде мәлімет берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтса, биыл алғаш рет қазақ өнері әлемге әйгілі арт-алаңдарда, яғни Венеция биенналесінде, Гиме Азия өнері музейінде таныстырылған; Қазақстанның баспа өнімдері Франкфурт кітап жәрмеңкесінде көрсетілген. Сегіз тілде Qazaq сulture ақпараттық-ағартушылық платформасын іске қосу еліміздің тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін дәріптеу тұрғысынан маңызды жобаға айналған. Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты айтулы мәдени-бұқаралық іс-шара ретінде бағаланған.
Министрліктің заң жобаларын әзірлеу бағытында атқарған жұмысы туралы баяндады:
– биыл елімізде журналистердің мәртебесін арттыруды көздейтін жаңа БАҚ туралы заң қабылданған;
– «Қазақфильм» киностудиясын тікелей қаржыландыруды қарастыратын заңнамалық өзгерістер Парламент қарауына ұсынылған;
Сонымен қатар, 2022 жылмен салыстырғанда, белсенді еріктілер саны 240 мың адамға дейін артқан;
– жыл сайын 50-ден астам волонтерлік жоба жүзеге асырылады, сондай-ақ 7 қазақстандық ерікті БҰҰ құрылымдарына жіберілген;
Креативті индустрияны қолдау шаралары әзірленгенін жеткізді:
– олардың қатарында Креативті индустрия қорын құру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту бастамалары бар;
– креативті индустрия субъектілеріне арнайы салық режимі енгізілді. Жыл басынан бері елімізде 10 креативті орталық пен хаб ашылған.
Президент министрге келесі жылы өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді мерейтойлық әрі маңызды іс-шараларға дайындық барысын жіті бақылауға алуды тапсырды.