Әлеумет

"Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды": автобуста жанжал шығарған ер адам ұсталды

Оқыс оқиға 126 автобуста, Төле би – Тұрғұт Өзал көшелерінің қиылысында болған.

Алматыда автобус жолаушылары арасындағы жанжал өткен күні болған. Ер адам телефонмен дауыстап сөйлеген әйелге наразылығын білдірген. Артынан ер адам әйелді автобустан сүйреп шығармақ болады. Сөйтіп әйел қарсыласып, әлгі адамды кеудесінен итеріп жібереді. Ашуланған азамат келіншекті ұрып жібереді. 

"Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", – деді Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің бастығы Батұржан Әбдумасаров.

Алматы қалалық Полиция департаменті заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету басты міндет болып қала беретінін баса айтады.

"Әрбір азамат заңдылық пен тәртіптің мүлтіксіз сақталатынына, кез келген заңсыз әрекеттер тиісті құқықтық бағасын алатынына сенімді болуы керек", – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, оқыс оқиға 126 автобуста, Төле би – Тұрғұт Өзал көшелерінің қиылысында болған.