жұма, 22 қараша, 2024 16:52

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Отандық машина жасаушыларды ұзақмерзімді қаржыландыру және шикізатпен қамтамасыз ету өзекті мәселе – Сенат Төрағасы

Отандық машина жасаушыларды ұзақмерзімді  қаржыландыру және шикізатпен қамтамасыз ету өзекті мәселе – Сенат Төрағасы
фото сенат
Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев Палата отырысында алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау барысында айтты.

Талқылау барысында сенаторлар ұлттық экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және шикізаттық емес экспортты ұлғайту мәселелерін көтеріп, нақты проблемаларға тоқталған болатын. Осыған байланысты Сенат Спикері таяуда Қостанай қаласында өткізілген машина жасау саласын дамытуға қатысты іс-шарада көтерілген түйткілдерге назар аударды.

«Сенат өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін тиісті құқықтық базаны қалыптастыру жолында тиісті жұмыс атқарып келеді. Осы жұмыс аясында дүйсенбі күні Қостанайда машина жасау саласын дамытуға арналған дөңгелек үстел өткіздік. Сол жерде бірқатар мәселе көтерілді. Соның ішіндегі екі проблемаға тоқталып кетейін. Біріншіден, сол жерде біраз кәсіпорын өкілдері ұзақмерзімді және қолжетімді қаржымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл, осыған дейін айтылғандай, пайыздардың жоғары болуы, банктермен жұмыс істеудің қиындығы сияқты түйткілдерді қамтиды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, бүгін қаралған келесі жылдың бюджетінде Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржысы азайған. Бұл – отандық кәсіпорындарды қаржыландырып отырған негізгі институттардың бірі. Сондықтан Палата Спикері алдағы уақытта аталған Қордың қаржысын көбейту мәселесін қарастырудың орынды екенін айтып, Үкімет тарапынан осы бағыттарда нақты іс-шаралар жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ ол отандық машина жасаушыларды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесінің де өзекті екенін тілге тиек етті.

«Дөңгелек үстелде отандық машина жасаушылар көтерген тағы бір проблема – шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі. Бүгінде шикізатты өңдеу барысы өзекті екені белгілі. Алайда, қазіргі таңда отандық тауар өндірушілер алюминий, мыс, мырыш, қорғасын сияқты шикізаттарды еліміздегі кен өндірушілерден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Қалыптасқан тәртіп бойынша отандық кен өндірушілер халықаралық деңгейге, Лондон металл биржасының бағасына қарағанда 5 пайыздық жеңілдік беріп отыр. Дегенмен, тауар өндірушілер мұның өте аз екенін айтуда. Сондықтан отандық машина жасаушылар, елімізде өңдеуші өнеркәсіпті дамытатын компаниялар және кәсіпкерлер үшін қазақстандық шикізаттың бағасын тағы да төмендету мәселесін пысықтаған орынды болар еді», – деп, Палата Төрағасы Үкіметті қазақстандық өндірушілерді алаңдатып отырған осы екі мәселе назар аударуға шақырды.

Айта кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарды қарады.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар