Перизат Қайрат ісіне қатысты Серік Жұманғарин пікір білдірді
Перизат Қайрат қамауға алынды.
Перизат Қайрат ісіне қатысты вице-премьер Серік Жұманғарин журналистердің сұрағына жауап берді.
Еске салсақ, осыған дейін 14 қарашада «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың 1,5 млрд теңге ұрлады деп күдікке ілініп, ұсталғаны туралы жазған едік. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін ақша жинады. Бірақ тергеу мәліметтері бойынша, ол қайырымдылықтың негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен сәнді заттарды сатып алу үшін пайдаланған.
Көп ұзамай ерікті Палестинаға жинаған ақшаның 200 млн теңгесін жымқырған деген жаңа деректер пайда болды. Перизат Қайрат қамауға алынды.
Журналистер премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннан қордың құрылтайшылары қатарында AMANAT партиясының мүшелері болғанын атап өтіп, мұндай жағдайдан кейін қайырымдылық жасаушылар мен еріктілерге сенуге бола ма деп сұрады.
«Шынымды айтсам, мен бұл жаңалыққа қатты мән бермедім. Ол мені, өкінішке қарай, таңғалдырмады. Соңғы күндердегі қарбаласта бұл жаңалық менің назарымнан тыс қалды. Сіз бұл сұрақты AMANAT партиясының хатшысына қойғаныңыз жөн. Мен бұл тақырыпқа түсініктеме бергім келмейді. Әркім өз жұмысын жасайды» – деді премьер-министрдің орынбасары.