Оқу-жаттығу кезінде капитан қаза тапты
Бүгін қолбасшылығы осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
Жетісу облысында оқу-жаттығу кезінде капитан қаза тапты,– деп хабарлайды Oimaqnews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Офицер Дәулет Нұрланұлының туыстары қайғылы оқиғаның мән-жайын білгісі келетінін айтып отыр.
"Өзіміздің Дархан. Неге десем, «білмеймін, үш солдат, бір офицер қинап өлтірген деп айтып жатыр, мына жақта» дейді. Жақсы дедім де, қойдым. Есімді жинай алмай отырдым. Марат ағамен сөйлескен кезде, жанында балалар тұрды, әскери полицияның бір офицері, подполковник айтты «иә, тұншықтырған, қылқындырған, барлық орыны бар, бәрін анықтамаға жазды» деп. Енді сараптаманы бір айдан кейін аласыңдар деді", - дейді марқұмның туысы Гүлмира Сабырова
26 жастағы Дәулет Нұрланұлы Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің институтында оқыған. Отарда біраз қызмет еткен. Жаркенттегі 74 261 әскери бөліміне ауысып, екі айдан кейін қайтыс болды. Бүгін қолбасшылығы осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
"Биыл 14 қарашада диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізуде қауіпсіздік шарасын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі", - делінген ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарламасында.