"Қазақфильм" жабылмайды – Аида Балаева
Кинематографияның дамуы «Қазақфильммен» тікелей байланысты.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжіліс кулуарларында "Қазақфильм" киностудиясының жабылу қаупі бар ма деген деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Министр киностудия жабылмайтынын айтты.
«Әрине, жоқ. Мен министр ретінде мәлімдеймін. Бұл – біздің тарихымыз. Сондай-ақ кино, кинематографияның дамуы «Қазақфильммен» тікелей байланысты. Әрине, бұл кәсіпорынды сақтап, табиғи түрде дамыту – біздің ұрпақтың парызы», - деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, қазір мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақфильмді» тікелей қаржыландыруына құқықтық негіз жоқ.
«Біз қазір нақты шаралар дайындап жатырмыз. Біріншіден, бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеу. Яғни, заңға «Қазақфильм» мемлекеттік тапсырмалар арқылы, жекелеген тетіктер арқылы тікелей қаржыландыруға құқығы бар норманы енгізу. Бірақ қазір оны тікелей қаржыландыруға министрліктің құқығы жоқ, сондықтан бұл уақыт мәселесі. Біз сондай-ақ «Қазақфильм» сыни жағдайда болғандықтан, менеджмент тәсілін қайта қарастырамыз. Қаржыландыру болмаған кезде қандай да бір даму туралы айтудың қажеті жоқ. Олар жеке үй-жайлар мен жабдықтарды жалға беруден түсетін ақшаны сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысына жұмсап отыр», - деп түсіндірді министр.