"Алматыкітап баспасы" – авторларға жайлы баспа
Астанадағы Ы.Алтынсарин атындағы Кітап үйінде "Алматыкітап баспасы" ұйымдастырған ашық диалог алаңы өтті. Басқосуға бірқатар оқулық авторлары қатысып, көпшілікті қызықтырған сауалдарға жауап берді.
«Алматыкітап баспасы» мектеп оқулықтарымен қатар, оларды толықтыратын көмекші көркем әдебиеттер, балалар және оқу әдебиеттерін, мектеп алды ұйымдарға арналған оқу-әдістемелік кешендер топтамасын шығарады. Сонымен қатар отандық тұңғыш TopIQ.kz – электрондық оқулықтар платформасының негізін қалаушы саналады. Жиын басында сөз алған «Алматыкітап баспасының» президенті Гауһар Айтжанқызы баспа туралы аз-кем айта отырып кездесудің мақсатына тоқталды.
– Бүгінгі кездесудің мақсаты – баспа туралы ақпарат беру, оқулықтарымыздың авторларымен кездестіру. Баспада 300-ге тарта автор жұмыс істейді. Олар еліміздің бірнеше өңірінен жиылған. Бәрі – педагог-практиктер мен жоғары оқу орындарының ғалымдары. Мысалы, Роман Қадырқұлов – қазақ тілінде «Информатика» оқулығын жазған алғашқы автор. Бұған дейін олар орыс тілінде жазып, содан кейін қазақ тіліне аударған. Қазір оқушылардың 70%-ы сол оқулықтармен оқып жүр. Әсел Ақпаеваның «Математика» оқулығын еліміздегі барлық бастауыш сыныптары оқиды. Осы кездесу барысында өздеріңізді қызықтырған, мазалап жүрген сауалдарыңызды авторларға қойып, жауап ала аласыздар деп ойлаймын, – деді ол.
Оқулық сапасы назар аударар тақырып болғандықтан, сын-ескертпелердің айтылуы заңды. Әсіресе, әр жаңа оқу жылының алдында ата-аналар мен мектеп тарапынан айтылатын пікірлер көбейе түседі. Дәл осындай мәселенің шешімі туралы баспаның вице-президенті, «Әдебиеттік оқу» оқу құралының авторы Асима Дәулетбекқызы айтып берді.
– Балаларға сапалы білім берудің өзекті тақырыпқа айналғаны қашан. Қазір ата-аналардың балаларға ұсынылған оқулықтар сапасына бейжай қарамауы қуантады. Яғни, ата-ана өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін сезініп жатыр. Оқу құралдарына қатысты түрлі сын-ескертпелердің болатынын жоққа шығармаймыз. Әрине, сын түзелмей, мін түзелмейді. Айтылған сын кәсіби маманның көзқарасы емес, басқа сала мамандарынан, яғни ата-ана тарапынан да айтылатынын ескеру керек. Рефлексивті ұстаздар қай кезде де сынға ашық болатыны белгілі. Сондықтан бүгінгі кездесу арқылы көпшілікке оқулықтар мазмұны тек қателіктерден тұрмайтынын түсіндіргіміз келеді. Қазір ХХ ғасыр ұрпағын әлемдік білім беру деңгейіне сәйкес оқулықтар дайындап жатқанымызды айтқым келеді. Ең бірінші кезекте Қазақстанның білім мазмұны әлемдік білім мазмұны мәселесіне сәйкес болуы керек. Баспамыздан шығатын «Менің Қазақстаным», «Мектеп кітапханасы» сериясымен шығатын кітаптың барлығы мұғалім үшін де, ата-ана үшін де, оқушы үшін де керемет қосымша көмекші құрал бола алады. Қазіргі балаларды «бейнелік қабылдаушылар» деп айтамыз. Визуалды көру арқылы ақпарат қабылдайды. Сондықтан оқулықтардың мазмұнында электронды оқулықтар, QR арқылы түрлі анимациялар, виртуалды лабораториялар, анимациямен шығарылған мультфильмдер, баланы қызықтыратын мүмкіндіктер барынша жасалуы керек. Сонда оқулық қызықты әрі құнды болады, – деді А.Дәулетбекқызы.
Ал мектепке дейінгі білім беруге арналған оқу-әдістемелік кешендер топтамасының және «Сауат ашу» оқулығының авторы Сайра Жиенбаева әлеуметтік желіде кітап сапасына қатысты айтылған сынның көптігіне қарамастан, авторлардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде оқушыға түсінікті форматта шығып жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, жыл басында практик-педагогтердің сараптамалық жұмысының нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымға арналған оқу әдісі мен кешендері дайындалды.
– Қазір мектепке дейінгі ұйымның стандарты да, үлгілік бағдарламасы да өзгерді. Олар әлемдік тәжірибелерге сай жасалып жатыр. Осы тұрғыда баспамызда үлестірме материалдар мен дәптерлер дайындалды. Бұл – балалардың еркін ойлануына, өз бетімен жұмыс істеуіне, шығармашалығын дамытуға бағытталған тапсырмалар жинағы. Бұл – авторларға жайлы баспа. Өйткені қолайлы жағдай жасалғанын мойындау керек. Біріншіден, бір оқулық шығару үшін көп ақпарат керек. Қандай жаңа бағыт бар, технология бар, осы баспадан таба аламыз. Екіншіден, сол бағыт бойынша баспада оқыту-семинары жүргізіледі. Баспаның әр маманы әр өңірге барып, ғұламаның өмірі мен ашылмаған тұстарын зерттегеннен кейін ғана оқулықтардың мазмұнын жазуға кіріседі. Үшіншіден, түрлі маманмен отырып жұмыс істейміз. Одан кейін «Алматыкітап» әліппені 6 жастағы балалар үшін жазу керек болды. Сол кезде «Сауат ашудан» жинаған тәжірибемізді А.Байтұрсыновтың әліппесін жалғастыруға үлкен жауапкершілік туды. 6 жастағы баланың психологиясына сәйкес жазу үшін Қазақстан тарихында жазылған бүкіл әліппені жинап, Байтұрсынов жазған әліппені қолға ала отырып, ішіндегі әдемі тұстарын теріп алдық, – деп авторлардың ізденісі туралы айтып өтті С.Жиенбаева.
Оқулықтарды әзірлеу кезінде заманауи технологиялардың дамуы мен қазіргі балалардың ақпаратты көзбен қабылдайтынын ескеру қажет екенін алға тартқан «Алматыкітап баспасының» бастауыш сынып әдіскері, 2-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы Фарида Лекерова оқулықта көптеген иллюстрацияның, схемалардың және графикалық модельдің маңызы ерекше екенін атап өтті.
1-4 сыныптарға арналған «Математика» оқулығының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Әсел Ақпаева, мысалы, 4-сыныпқа арналған Математика оқулығында TIMSS (Trends in Mathematics and Science Study) – сапаны бағалау жөніндегі халықаралық зерттеу талаптарына жауап беретін функционалдық сауаттылыққа тапсырмалар енгізілгенін атап өтті.
– Тәуелсіздік алғаннан бері бағдарламалар өзгеріп, жаңа оқулықтар шығарылды. Оқулықтарды үнемі жетілдіріп отыру керек. 4-сыныптың оқушысы математика пәнінде өзіне таныс ұғымдармен танысуы керек. Мәселен, кейбір есептерде теңгеден бөлек, доллар, рубль ұғымдары кездеседі, өйткені қазір теңгеге қатысты тиын сөзін қолдана алмаймыз, бала валютаның осындай ерекшеліктері барын сезінуі қажет. Одан кейін, оқулықтағы тапсырмалардың қиын екені айтылады. Бірақ берілген есептің, тапсырманың шешімін оқушының өзі табуы керек. Ата-ана білмеуі мүмкін, өйткені олар баламен бірге сыныпта отырмайды ғой, – деді ол.
Сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті, «География» оқулығының авторы Руслан Қаратабанов функционалды сауаттылыққа көшу керек екенін түсіндірді.
«2010 жылы екі оқулық жаздық: 10-сыныпқа арналған «География» оқу құралы мен 5-сынып үшін «Жаратылыстану» оқулығы. Жаратылыстану функционалды сауаттылықты дамыту, сабақты белсенді түрде игеру қағидаттары мұғалімдерге бейтаныс болған. Сондықтан оның «тағдыры» басқаша кетті. Ал қазіргі оқулықтарға функционалды сауаттылықты енгізуіміз керек. Бұл дегеніміз – оқушыдан тақырыптың мазмұнын сұрау емес, өмірлік жағдайда қолдануды үйрету», – деді Р.Қаратабанов.
Баспа мамандарының айтуынша, оқулықтар мемлекеттік бағдарлама негізінде жасалып, редакциялау мен дизайнға жіберіледі. Артынан ішкі сараптамадан өткен дайын материал Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім мазмұнын сараптау орталығына бағытталады. Мемлекеттік сарапшылар 40 күн ішінде оқулыққа қатысты өздерінің сын-ескертпелерін береді. Баспа бір ай төңірегінде қателерді түзетеді. Жиын соңында баспа жұмысымен танысқан қатысушылар мен авторлар арасында ашық диалог орнатылып, белсенді пікір алмасуға жалғасты.